Трассалық медициналық-құтқару пунктінің бригадасы автобус жолаушыларын құтқарды, деп жазады inbusiness.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға 2022 жылғы 16 қарашада Байдалы би ауылының маңындағы "Қызылорда-Павлодар" автожолының 722 шақырымында болған. Шағын автобус жүргізушісі рульді басқара алмай, 19 жолаушы мінген автокөлік аударылды. Салдарынан үш адам зардап шеккен.
Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты хабарлама Жаңаарқа ауданы төтенше жағдай басқармасынан Ұлытау облысының "Ақтүбек" трассалық медициналық-құтқару пунктінің диспетчеріне келіп түскен.
Оқиға орнына арнайы реанимобильмен барған медпункт бригадасы зардап шеккендерге көмек көрсетті. Олардың біреуі орташа дәрежедегі жарақаттармен Жаңаарқа ауданындағы орталық ауруханаға жатқызылды.
Айта кетейік, еліміздегі авариялық-қауіпті жол учаскелерінде 40 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.