Үндістанда жолаушылар мінген жүк көлігі биік көпірден құлап, 26 адам қаза тапты,12-сі жарақат алды, деп хабарлайды 24.kz.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, апатқа ұшыраған көлікте 60 шақты адам болған. Барлығы тойға бара жатқан. Жапа шеккендер маңайдағы ауруханаға жеткізілді. Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі алдындағы көліктен озамын деп, рөлге ие бола алмай қалған. Елдің премьер-министрі Нарендра Моди марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, жараланғандардың тез жазылып кетуіне тілек білдірді.
Айта кетейік, Үндістанда жол апаты жиі болады. Статистикалық мәлімет бойынша, көбіне жүргізушілердің біліксіздігі мен жауапсыздығы және жол сапасының нашарлығы себеп.
"Қаралы хабарды естіп қабырғамыз қайысып тұр. Марқұмдардың отбасына 400 мың рупидан қаржылай көмек береміз. Ал жараланғандарға тиісті ем-дом жасалады. Жол апатына не себеп болғанын анықтаймыз", - дейді Гуджарат штатының басшысы Виджай Рупани.