Ұйым өкілдері 12 маусым күні Ахмед Абад қаласы маңында апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағының экипажын қорғап, ұшқыштардың кінәсі жөнінде алдын ала тұжырымдар жасауға, сондай-ақ олардың бірі өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжамға жол бермеу жөнінде ресми мәлімдеме жасады.
Ұйым мәлімдегендей, ұшақты басқарған ұшқыштар өте күрделі жағдайда өз міндеттерін орындаған.
– Біз бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшыларды сабыр сақтауға, тергеу барысына құрметпен қарауға және қайтыс болған экипаж мүшелеріне қатысты құрмет пен жанашырлық танытуға шақырамыз. Air India рейсінің экипажы кәсіби біліктілікке сай әрекет етті. Олар құрметке лайық, ал негізсіз жорамалдарға сүйенген жала жабулар орынсыз, – делінген қауымдастық мәлімдемесінде.
ICPA БАҚ-та жарияланған "ұшқыштардың абайсыз әрекеті немесе әдейі жасаған іс-әрекеті" туралы болжамдарды "негізсіз, қауіпті және мерзімінен бұрын айтылған" деп атады.
Сондай-ақ, қауымдастық ұшқыштар тұрақты түрде қатаң психологиялық және кәсіби тексерістен өтетінін еске салып, апатқа қатысты тергеудің ресми қорытындысын күтуді сұрады.
12 шілдеде Үндістанның авиациялық оқиғаларды тергеу бюросы (AAIB) аталған апатқа қатысты алдын ала есеп жариялады. Онда ұшақтың екі қозғалтқышына да отын беру өшірілгені көрсетілген.
Кабинадағы жазбаларда бір ұшқыштың екіншісіне: "Сіз неге қозғалтқыштарды өшірдіңіз?" – деп сұрағаны, ал ол: "Мен ондай әрекет жасаған жоқпын", – деп жауап бергені тіркелген.
Апат кезінде әуе кемесін 60 жастағы ұшқыш Сумит Сабгарвал (8200 сағат ұшу тәжірибесі) мен 26 жастағы Клайв Кундер (1100 сағат ұшу тәжірибесі) басқарған.
Айта кетелік 12 маусымда бортында 240 адам болған Air India ұшағы апатқа ұшырап, дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлады.
Апаттан тек бір жолаушы ғана тірі қалды.