Бұған оқу ақысының аспандап кеткені мен оқу бағдарламасының әбден ескіргені де себеп болса керек.
Бұлардың қатарында студенттерге жасалатын бюрократиялық кедергілер де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шыны керек, көп жағдайда студенттер оқудан өз еркімен шығады. Әрине, "өз еркімен" деген қатарға басқа да факторлардың қосылып кету ықтимал. Бір жылда елімізде 70 мыңға жуық студенттің оқуын тастап кеткені жайлы ақпарат бар. Басқа оқу орындарына ауысу да – ең көп кездесетін себеп. Үшінші орынды үлгерімі төмен студенттер бермей отыр. Яғни, тәртібін былай қойғанда, білімі үшін оқуын жалғастырмағандар бар. Өткен жылы еліміздегі университеттер 171,7 мың студентті оқуға қабылдаған. Ал оқу жылының соңында оның 157,7 мыңы диплом иесі атанған.
Елімізде жоғары білім саласына (қаңтар-маусым) салынған инвестиция көлемі 6 863,4 млн теңгені құрады. Бұл Қазақстанның қалалары мен облыстарында әртүрлі көрсеткішке ие. Мәселен, Алматы қаласы еліміз бойынша ең көп инвестиция тартқан өңір ретінде көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Астана қаласы орналасқан. Шығыс Қазақстан облысы – үшінші орында.
- Студенттердің оқу орнынан шығу көрсеткішінің артуы тек жеке таңдауға байланысты емес. Қаржылық қиындықтар, оқу бағдарламаларының тиімсіздігі, оқу үдерісінің қызықсыздығы, және сапалы білім алуға қолжетімділіктің шектелуі жастарды өз жолынан "тайдырып" отыр. Бұл жағдайлар қоғамның болашағына тікелей әсер ететіндіктен, мәселені шешу үшін кешенді реформалар қажет секілді. Егер білім беру жүйесі уақыт талабына сай өзгермесе, елдегі жоғары білімнің сапасы мен оған деген сенім күннен-күнге әлсірей берері – аксиома. Сондықтан бұл мәселені шешу тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Айтпақшы, біз мәселені қозғаған адамды емес, мәселені түзетуге күш салсақ, бәрі оңалады, - дейді студент С.Еркінбек.
Студенттердің университеттен шығуына түрлі фактор әсер етеді. Оқу тәртібін бұзғаны және басқа оқыту формасына ауысқаны үшін дегендей. Сондай-ақ, әскерге шақырылғандары да уақытша не толықтай оқуын тоқтатса, денсаулық жағдайына байланысты оқудан шығып кеткендері де көп кездеседі.
Биылдың өзінде оқудан шыққан студенттердің ең көп саны Алматыда тіркелген. Ол – 19 мың жас. Одан кейін Шымкент (12,7 мың студент) және Қызылорда облысы (9,5 мың студент) тізімнің алғашқы сатысында тұр.
Бұлай жалғаса берсе, дипломсыз "мамандардың" көбейе беретіні анық. Сарапшылар бұл жағдайға қаржылық қиындықтың әсері бар екенін ашық айтып отыр.