Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жоғары оқу орындарындағы оқу жылының аяқталуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13-і мен 20-сы аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу – 25 тамызға дейін. Жоғары оқу орындарында биылғы оқу жылы шілденің 10-на дейін аяқталады. Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі.
Қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны бар. Оның 10-ы – зерттеу жоғары оқу орны.
"2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды. Оның ішінде 624 500 бакалавриатта, 39 200 магистратурада, 7 600 мыңы докторантурада және 8 900 резидентурада білім алып жатыр", - деді Талғат Ешенқұлов.
Түлектердің ең көбі педагогикалық мамандықтарда білім алып жатыр (48 428). Бұдан басқа, бизнес, басқару және құқық – 24 666, инженерлік ғылымдар – 24 320, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13 393, денсаулық сақтау – 10 300 және ауыл шаруашылығы – 1 776 студент.
Биылғы түлектердің саны – 177 586 адам.