Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеті Халықаралық Олимпиада күніне арнап еліміздің әр аймағындағы үздік мурал эскизіне республикалық конкурс жариялады, деп хабарлайды olympic.kz.
Мурал – ғимараттың қабырғасына салынған көркем туынды. Қазіргі көше өнеріндегі сәнді бағыттардың бірі. Конкурстың тақырыбы 2020 жылғы Олимпиада күнінің ұранымен бірдей – "Олимпиада балалық шақтан басталады".
"Олимпиада чемпиондары мен спортшылардың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа жарқын үлгі екені анық. Олардың жеңіске деген жігері мен ел даңқын асқақтату жолындағы еңбегі спорт арқылы бала арманды орындауға болатынының дәлелі. Дәл осы мақсат арқылы еліміздегі талантты суретшілер мен өнерге және спортқа ынтық жандарды олимпиадалық құндылықтарды дәріптеуге шақырамыз. Олимпизм құндылықтарын таныта түсу үшін қазіргі таңдағы танымал көше өнері (стрит-арт) және мурал таңдалып отыр. Конкурс арқылы еліміздегі суретшілерге қолдау көрсету де көзделуде", – деп жазылған ҰОК хабарламасында.
Конкурсқа кез келген адам қатыса алады. Жеңімпаз 21 маусым күні Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтында ашық дауыс беру арқылы анықталады. Қолданушылар 17 еңбектің ішінен ең үздігін таңдап алады.
Жеңімпаз бен екі жүлдегер үшін демеушілер құнды сыйлықтар дайындауда. Әкімдіктермен келісілген соң жеңімпаздың еңбегі жарияланатын үй қабырғасы таңдалады. Осылайша, қалалардың бірінде тарихта алғаш рет олимпиадалық мурал пайда болады.