"Ұрттап" алып көлік айдайтындар азаймай отыр

858

Атырауда жолдағы жедел-алдын алу шаралары өтуде.

"Ұрттап" алып көлік айдайтындар азаймай отыр

Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Қауіпсіз жол" және "Автобус" шаралары өтуде. Шара кезінде қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты төрт жүзден астам заң бұзушылық тіркелген, ал 12 маусымға қараған түні алты бірдей көлік жүргізушісі мас күйінде көлік айдап, жауапқа тартылған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыс полицейлері 7 маусымнан бастап автобус жүргізушілеріне қатысты 413 заң бұзушылықты тіркеп отыр. Оның ішінде, көп кездесіп отырғаны – рөлде отырып, телефонмен сөйлесу, мұндай жағдай 76 рет тіркелген. Сондай-ақ, маневр жасау ережелерін бұзған 63, техникалық байқаудан өтпеген 61, жолаушы мен жүкті тасымалдау қағидасын бұзған 41, ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзған 38, жылдамдықты арттырған 19, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған 16 дерек тіркелген. Акция нәтижесінде 9 автобус айып тұрағына қойылып, тәртіп бұзушыларға тегіс айыппұл салынған. 

Ал "Қауіпсіз жол" шарасы кезінде бір түн ішінде рөлге масаң күйде отырған бес ер адам мен бір әйел анықталды.

"Оған сәйкес, әкімшілік хаттамалар толтырылып, сот шешімімен бес азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды. Мас күйінде көлік тізгіндеген әйел жүргізушінің бір жасқа толмаған баласы болуына байланысты әкімшілік қамаудан босатылып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды. Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 230 жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметінен.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу