Үш әкім ауысса да жүзеге аспаған жоба

498

Жырға айналған жылу қазандығы.

Үш әкім ауысса да жүзеге аспаған жоба

Павлодар облысының Ақсу қаласында салынып жатқан жылу станциясы биыл да пайдалануға берілмейтін болды. Қазынаның қыруар қаржысы жұмсалған жоба, сақалды құрылысқа айналып барады. Күнде ертеңге қалатын, еріншектің ертегісіндей болған қазандық енді қашан халық игілігіне беріледі?

Ақсу қаласын толықтай жылумен қамтамасыз етуге арналған бұл қазандық 2017 жылы құрылысы басталған болатын. Екі жылдан кейін оны аяқтап тапсырамыз деген. Бюджеттен 11 млрдтай теңге жұмсалды. Алайда, осы уақытқа дейін әлі іске қосылған жоқ.

Алты жылыту қазандығынан тұратын бұл жобаны 2015 жылы сол кезде өңірді басқарған Болат Бақауов ұсынды. 2016 -да сметалық құжаттамасы жасалды да келесі жылы іргетасы қаланды. Сол кезде мұны бірегей жобаға балаған шенділер екі жылда халық игілігіне ұсынамыз деген. Алғашында республикалық бюджеттен 1 млрд 800 млн теңгеден артық қаржы бөлінді. Келесі жылы ел қазынасы мен облыс бюджетінен бірігіп 6 млрдтан аса ақша жұмсалды. 2019 жылы қос қазынадан тағы 2 млрд 836 млн кетті. Сонда да, жүзеге асқан жоба жоқ.

2020 жылы облысқа Әбілқайыр Сқақов әкім болып келді. Осы кезде Ақсу қаласының құрылыс бөлімі қазандықты іске қосу үшін тағы 750 млн теңге қажет екенін айтты. Ол 2021 жылы бөлінді және тамызда сүйінші жаңалық болады деді. Бірақ болмады, содан қазандықты жұрт та ұмытты. Былтыр күзде аяқ асты жауапты басқарма мен Ақсу қаласының әкімдігі журналистерді жинап қазандық дайын болғанын жария етті.

"Жаңа қазандықтың іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол аяқталысымен біз оны Ақсу қаласы әкімдігінің балансына береміз", деді Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов.    

Одан бері де жыл өтті Ақсу жұрты жаңа қазандықты әлі күтіп жүр.

Ал, былтырғы Екібастұздағы жағдайдан кейін өңірге әкім болған Асайын Байханов алты жыл жыр болған қазандықтың биыл да іске қосылмайтынын ашық айтты.

Белгілі болғандай, мердігер мемлекеттік сараптамадан өткен бастапқы жобалық сметалық құжаттамасында жоқ құрылғыны қазандыққа пайдаланған. Яғни, қосымша жабдық алған. Енді сол жабдықтарды мемлекеттік сараптамадан өткізу керек. Оны түбі не болары әзірге белгісіз.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу