Алайда әлеуметтік нысандар әлі күнге табиғи газбен жылытуға көшірілмеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтсақ, Үшарал ауылындағы 9 нысанның жылу жүйелері әлі күнге табиғи газға қосылмаған. Үш ауылдың тұрғындарының негізгі тілектерінің бірі де осы.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Жұмахан Тәнкебаевтың айтуынша, Үшаралда – Ә.Сағынтаев орта мектебі, ауылдық мәдениет үйі мен спорт кешені, Бозарық негізгі мектебі, Арал ауылындағы Талас негізгі мектебі, ауылдық медициналық пункт, Қайыр ауылындағы Абай негізгі мектебі мен осындағы медициналық пункт, №1 фермадағы бастауыш мектеп көмірмен жылытылады екен.
Ауылдық округ әкімі Рахымжан Айтуов Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектепке газ кіргізу мәселесі келесі жылдың жоспарына қалып тұрғанын айтты.
"Қазандығын жөндеу биылға жоспарланған, биыл мектептің жылу жүйесі қалпына келтіріледі. Қатты отынмен жылытылатын мектепке қазір 350 тонна көмір түсірілді. Бұл қыста мектеп оқушылары қысылмайды деп ойлаймын", – дейді ауыл әкімі.
Үшаралға қарасты екі ауылдың мұңы мұнымен бітпейді. Арал мен Қайыр ауылдарының жолы әбден тозған, ауыз су мәселесі де өте өзекті.
"Қайыр ауылына баратын он бір-ақ шақырым жолдың ой-шұқыры көп. Асфальттаса деп күте-күте тұрғындардың көзі талды. Ауылдың маңында Ақ кесене, Көк кесене деген тарихи орындар бар. Ал ол жерге апаратын жолды да құм басқан. Сондықтан ауылға жол салса, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туар еді", – дейді ауыл ақсақалы Айтуған Оспанов.
Мамандар екі елді мекеннің 11,5 шақырым жолын жөндеуге 252 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты жасалғанын айтады. Қаржы бөлінсе, құрылыс келесі жылға өтпелі болмақ.
Ал ауызсуға қажетті қаражат республикалық бюджеттен сұралуда.