Үш қаладағы ЖЭО салуға зейнетақы қорының ақшасы пайдаланылмайды – Роман Скляр

322

Бұл жобалардың құрылысына шетелдік инвесторлардың қаражаты тартылмақ. 

Үш қаладағы ЖЭО салуға зейнетақы қорының ақшасы пайдаланылмайды – Роман Скляр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер спикерден "Зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге үш ЖЭО салуға бөлінетіні туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?" деп сұрады.

"ЖЭО-лар бойынша ақпаратыңыз дұрыс емес. Аталған жобалар инвесторлардың есебінен қаржыландырылады. Шетелдік компаниямен тиісті келісімшарттарға қол қойылды. Оны "Самрұқ-Энерго" және "Интер РАО" ресейлік компаниясымен бірлесіп жүзеге асыратын болады. Ресейлік технология қолданылады. Жобада зейнетақы қорының қаражаты пайдаланылмайды. Шетелдік инвесторлардың қаражаты тартылады. Қарыз тариф арқылы қайтарылады", - деп жауап берді Роман Скляр. 

Оның сөзінше, ең бірінші кезекте Көкшетаудағы, одан кейін Семей, Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтары бой көтереді. 

Тілшілер бұл жобалардың құрылысына қанша қаражат кететінін сұрады.

"Үш жобаға 350 млрд теңгеге жуық қаржы қажет", - деп түйіндеді спикер.

Айта кету керек, осыған дейін Ресей еліміздің үш қаласында ЖЭО салатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу