"Үш өлімге жүргізуші де жауап беруі керек": Алматыда автобус қағып кеткен адамдардың туысы сотта сөйледі

432

Прокурор Ахметжановты 8 жылға соттауды сұрады.

"Үш өлімге жүргізуші де жауап беруі керек": Алматыда автобус қағып кеткен адамдардың туысы сотта сөйледі Фото: @Jogargy_sot

Былтыр желтоқсанда үш адамның өліміне себеп болған автобус апаты ісі бойынша бүгін түске дейін жарыссөз болды. Көз жұмған үш адамның туған-туыстары сөз сөйлеп, сотталушы Дархан Ахметжановқа қатаң жаза тағайындауды, сонымен қатар жүргізуші Ермек Шөкебаеваны да жауапқа тартуды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Прокурор Ахметжановты 8 жылға соттауды сұрады

Алдымен, жарыссөзде сөз алған прокурор Жандос Сауырбаев сотталушы Дархан Ахметжановтың кінәсі дәлелденген деп есептейді. Үш азаматтың қаза болу фактісі бойынша Алматы полиция департаменті қылмыстық кодекстің 351 бабының 3 бөлігі (көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу) және 293 бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеу жүргізген.

Прокурор осы баптар бойынша сотталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Дархан Ахметжановты 8 жылға соттауды сұрайды.

Жүргізуші: бұл жерде менің кінәм жоқ

Сотта жәбірленуші ретінде танылған автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева Дархан Ахметжанов болмағанда осындай өкінішті жағдай болмас еді деді.

– Бірақ бұл да менің жүрегіме тиді ғой. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Осы сот барысында басынан аяғына дейін мені кінәлі қылғысы келді. Қаншама рет “неге?” деп мені тергей берді. Бірақ бұл жерде менің кінәм жоқ. Мен телефонды алып СМС-ті көрсетсем, мен көп адамға солай жасаймын. Өйткені бізде халық көп қой. Олардың бәріне көмектесем. “Өзің істеп ал” демеймін. Өйткені Алматыға келушілер көп. Көбі білмейді. Неге телефонды алдың деп айғайлап қаншама рет сұрақ қойды. Соның бәрін ескеру керек, сот мырза. Алматы көп, мен халықты тасып жүрмін. Бәріне мен жол сілтеймін, кейбіреуі жол сұрайды, – дейді Ермек Шөкебаева.

Шөкебаева Ахметжановқа қатаң жаза тағайындауды сұрады. 

Жәбірленушінің заңды өкілі болса Дархан Ахметжановтың кінәсі толық дәлелденді деп есептейтінін айтты. 

Көз жұмған Әлменбаевтың әйелі:  “Әкемді жер астынан шығар” деп үш қызым жылап отыр

Күйеуі апаттан көз жұмып, жесір қалған Айнұр Құсайынова сотталушы Ахметжановтың да, жүргізуші Шөкебаеваның әрекеті дұрыс емес екенін айтты.

– Жүргізушінің де адаммен осындай инцидентке келгені, осындай жағдайға әкеліп соқтырғаны. Иә, еркек адамның әйелді ұруға болмайтынын бәріміз де білеміз. Сіз (Шөкебаеваға қарата) “мен кінәлі емеспін, жалғызбасты анамын” деп отырсыз. Олай емес екенін жақсы білесіз. Сіздің жеке өміріңізге мен бас сұға алмаймын, бірақ сіз соған өзіңіз әкеліп отырсыз: 14 ақпан күні жұмыста жылап отырдым, ал сіз жігітіңізбен қол ұстасып қыдырып жүрдіңіз. Менің қандай жағдайда болғанымды білесіз ғой. 5 қабаттан секіріп кетуге аз қалдым. Сіз менің жағдайымды білмейсіз. Менің күйеуімнің жердің астында жатыр, қырқы жаңа ғана өтті, қазақсыз ғой, “осыны тик-токқа салмай-ақ қояйын” деуге болатын еді ғой. Ал сіз олай істемедіңіз. Сіз мені күлкі жасадыңыз. Мен жылап отырсам, сіз қыдырып жүрсіз. “Әкемді жер астынан шығар” деп үш қызым жылап отыр. Ал сіз түк болмағандай, “мен өзімді кінәлі сезінбеймін” деп қыдырып жүрсіз. Мысықты басып кетсе адам өзін кінәлі сезінеді ғой, – дейді Айнұр Құсайынова.

Жәбірленуші Ахметжановтың кінәсі айдай анық көрініп тұрғанын, ол мойындағанын атап өтеді. 

– Мен оған қандай сұрақ қоям. Ал сіз мұнда бір грам өзіңізді кінәлі сезініп тұрған жоқсыз, – дейді ол.

Жәбірленуші тергеушілер алдап, істі жауып қойғанын да қосып өтті. Құсайынова бір адам ғана бұл істе кінәлі емес екенін жеткізеді. “Тергеуші Оразаевтың арқасында жүргізуші жауапкершілікке тартылған жоқ” деп есептейді.

– Бұл жерде кінәлі екі адам! Автопарк те бар. Автопарк жүргізушіні қорғау керек еді. Жүргізуші отыратын жер жабық болуы керек. Біз сотта неге “дорасследование” жасауымыз керек? Тергеу, анықтаушылар не үшін керек? Анықтаушы бәрін анықтап, істі ашық қылып көрсету керек. Менің сұрайтыным – иә, Ахметжановқа қатысты мен түгелдей прокурордың айтқан сөзіне қосыламын. Кінәсі анықталды. Бірақ бұл жерде жүргізуші де өз кінәсін мойындау керек. Болған жағдайға, үш адамның өміріне жауап беруі керек. Бір жақтан болып жатқан жоқ бұл. Даладағы жынды емес жүгіріп келіп өлтіре салатын. Сот мырза сұрайтыным, жүргізуші, автопарк жағынан да қарастыру керек. Дәлел бәрі көрсетілді. Одан артық не керек? Айналып келгенде тергеу осының бәріне көз жұмса да, сот бұған көз жұмып қарамайды деген үміттемін, – деп түйді Құсайынова.

Жәбірленуші: әкем мен шешемді жуындырып соңғы сапарға аттандыра алмадым

Апаттан көз жұмған тағы екі адам – Талап Қасымов пен оның әйелі Гүлжахан Ерсімбетова. Оның үлкен ұлы Байдуәлиев (есімі анықталып жатыр) өзінен кейінгі үш бала әке-шешесіз қалғанын айтады.

– Өлім жағдайын қарындасымнан естідім. Бұл жағдайды ешкім, дұшпаныма да тілемеймін. Мына адамның басына келген кезде ғана түсінетін жағдай. Жалпы осы әкем мен анамды о дүниелік болуына себепші болған адамдар тиесілі жазасын алуын, соған қатысы бар адамдардың жазалануын да сұраймын. Ол жерде дыбыс керек емес (автобуста) деп ойлаймын. Ол жерде логикалық тұрғыдан не айтып жатқаны белгілі болып тұр. Ахметжановтың тікелей қатысы бар ғой. Бірақ жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Сәл кемістеу адам болмаса, келіп шабатын адамға ұқсамайды. Жайдан-жай адамды соқпайды, – дейді ол.

Байдуәлиев прокурор Сауырбаев Ахметжановтың бекітілмеген жерге жүргізушіден тоқтауды талап еткен деген сөзін есіне алады.

– Адам көпірде “тоқта” деп айтпайды. Бейнебақылаудан да екі аялдама көрініп тұр. Мынау жүргізушінің тоқтамағанын көрдіңіз өздеріңіз. Анықтаушының бізге істеген тірлігі (...) Біз ештеңе істемедік. Анықтаушы “адвокат жалдамаңдар, бәрі бақылауда” деді. Біз соған сеніп қалдық. Бейнебақылауды көрген жағдайда бұл кісі айыпталушы Ахметжановтың да сөзінде жан бар. Тоқтап түсетін кезде мен ортаңғы есікке бара жатқанда жапты деді. Шынымен, солай болған сияқты. Ахметжанов әртүрлі айтып жатыр ғой, сол кезде жалпы алдыңғы және ортаңғы есік жабық болған.

Себепкер екі адам. Ахметжановтың анасынан басқа ешкімі жоқ. Бұл кісі толық өз кінәсін мойнына алып кетіп жатыр деп ойлаймын. Кикілжіңді кім жасап жатқанын білмеймін. Әкем мен анамның бір жеріне зақым келсе, бұл кісілерді кешіретін едім. Дүниеде қалатын болса! Бұл кісілерді кешіре алмаймын! Ахметжановқа барынша қатаң жаза сұраймын, – дейді ол.

Байдуәлиев әкесі мен анасы тойын да көре алмағанына қайғырады.

– Үйдің үлкенімін. Әкем мен анамды жуындыра алмадым. Мәйітханадан қалай келді, солай жер қойнына тапсырдық. Мәйітханадағылар "ашпай-ақ қойыңыздар" деді. Әкем мен анамды соңғы сапарға жуындырмай аттандырдым. Өте... Сондай жағдайларға себепші болған адамдарды жазалауды сұраймын.

Кешенді сараптама болмады

Ахметжановтың адвокаты Айдынғали Табылдиев жүргізуші Шөкебаева Ахметжановтың қылмыс жасауына тікелей себепші болды деп есептейді.

– Ол сотта шындықты айтқан жоқ. Шындықты айтып қоям ба деген уайымы бар. Бұл жерде кім шындықты, кімнің өтірікті айтып отырғаны белгілі. Бұл кісінің есімнен танып қалдым деген сөзінің өзі – сарапшыдан сұрағанда, сол кісі қорытындысында Шөкебаева “есімнен танып қалдым” деген кітапшасында ғана жазылғанын айтады. Халимов қорытындысы жалпылама Шөкебаеваға танып қалуы мүмкін екенін тек жалпы түрде айтып жатыр, – дейді ол.

Авдокаттың айтуынша, оның есінен танғанын немесе танбағанына кешенді сараптама жүргізілмеген. Табылдиев соттан жеке қаулы шығарып, Шөкебаеваны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп санайды.

Үш адамның өлімі

Алматыдағы автобус апаты былтыр желтоқсан айында болған еді. Осы оқиғаның салдарынан ерлі-зайыпты Талап Қасымов пен Гүлжан Ерсімбетова, сондай-ақ, Айдос Әлменбаев атты үш азамат көз жұмған. Қайғылы оқиға болған күні олар жол жиегінде көлік тоқтатып тұрған. Апат кезінде үш баланың әкесі Айдос Әлменбаев та қаза тапты. Оның кіші қызы небәрі төрт жаста.

Үш азаматтың қаза болу фактісі бойынша Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 351 бабының 3 бөлігі "көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу " бойынша, " 293 бабының 1 бөлігі “бұзақылық”бойынша қылмыстық істерді тіркеген. Сот Жоғарғы соттың ютуб-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу