Үш түрлі грант, үш түрлі стипендия: биылдан бастап елде грант бөлу әдісі өзгереді

1224

Білім беру грантын бөлу механизмі қайта қаралып жатыр. Биылдан бастап түлектер "Дарын", "Негізгі" және "Қамқор" деген үш гранттың біріне ілігу үшін таласқа түседі. 

Үш түрлі грант, үш түрлі стипендия: биылдан бастап елде грант бөлу әдісі өзгереді Фото: Хабар24

Ақнұр Тұяқбай 11-ші сынып оқушысы. Қазіргі бар ойы  Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы балл жинап, жоғары оқу орнына грант ұтып алу. Дегенмен, ол шығармашылық мамандықты таңдағандықтан, екеуден көп сұрақтан қате жібере алмайды. Әйтпесе сынақтан сүрінбей өтуі екіталай. Сондықтан, түлектерге грант бөлінерде оның осы уақытқа дейінгі еткен еңбегі, жеткен жетістігі де ескерілсе екен, дейді. 

"Оқу үлгерімін немесе жетістіктерін ескеріп, таңдайтын бағытына қарай сол пәндерге басымдық берілсе деп ойлаймын. Мәселен, журналистикада тарих пен оқу сауаттылығынан төмен алып қалсаң, бірақ шығармашылықтан жақсы алып тұрсаң, менің ойымша ең басымдысы шығармашылық қой, сол себепті сол жаққа көңіл бөлсе деп ойлаймын. Бірақ керісінше тарих пен оқу сауаттылығына қаттырақ көңіл бөледі", дейді мектеп оқушысы Ақнұр Тұяқбай.

Биылдан бастап Ақнұр секілді оқушылар баллы жетпеген күннің өзінде талантты талапкер ретінде тегін білім алудан үмітті бола алады. Төмен нәтиже көрсеткен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың да грантқа ілігу мүмкіндігі бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің грант бөлу механизміне қатысты ұсынып отырған өзгерісі осындай. 

"Министрлік сараланған білім беру грантын енгізу бойынша жұмыстарды бастап кетті. Біз бір жағынан жоғары білімнің қолжетімділігін сақтап қалсақ, екінші жағынан оның сапасын арттыруымыз қажет. Өйткені, абитуриенттердің саны жыл сайын артып келеді. Енді аса талантты студенттер басқаларына қарағанда жоғары шәкіртақы алады. Бұны осы жылдан бастап енгіземіз, қаржы мәселесі басқаша шешілетін болады", дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.  

Сараланған гранттың бірінші түрі "Дарынға" іліккендер гранттың 125 пайызы түрінде жоғары шәкіртақы алады. Екіншісі "Негізгі" грант қазіргі әдіспен бөлінбек. Яғни, ол ҰБТ-дан тиісті балл жинай алғандарға тиесілі. Ал "Қамқор" тұрмысы төмен, толыққанды емес отбасылардан шыққан, бірақ оқуға түсуге баллы жетпей қалған түлектерге көмек ретінде берілетін грант түрі. Ең төмен стипендия осылардікі. 

"Менің ойымша, үшке бөлген кезде біріншісі алтын белгі, олимпиада жеңімпаздарына 25 пайызды қосып, жоғары стипендия бір жылға. Кейін келгеннен кейін көреді ғой оқу нәтижесінен. Нашар оқитын болса, оны алып тастау керек. Екінші жалпы стипендия, одан кейін жағдайы төмен, балы жетпеген балалардың олардың "Қамқор" стипендиясын тағайындауға болады. Бірақ олардың көлемі кем дегенде жетпіс бес пайыз болу керек", дейді ЖОО Қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.  

Жоғары оқу орындары қауымдастығының сарапшылары әсіресе "Қамқор" грантының иегерлеріне стипендия тағайындау мәселесін қайта қарастырған жөн деп отыр. Себебі, бұны алатындар әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан балалар болғандықтан, гранттың 30-50 пайызы көлемінде берілетін шәкіртақы жеткіліксіз. Қазіргі стипендия 42 мың теңге болса, Қамқорлықтар 16 мың теңге алады деген сөз. Ал бұл қаражатқа студент бір ай өмір сүре алады деу адам сенгісіз жайт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу