Құрылыс жұмыстарымен айналысатын қызылордалық "Бәйтерек-Групп+АА" ЖШС мемлекеттік мекемеден орындалған жұмысы үшін конкурста келісілген қаражаттарын ала алмай жүрген болатын. Үш жылға жуық сарсаңға салған іс жуырда оң шешімін тапты.
Аталмыш серіктестік 2017 жылдың тамыз айында Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жариялаған конкурсында жеңімпаз атанған болатын. Жеңімпаз ЖШС жалпы құны 5 млн. 28 мың теңгені құрайтын автокөлік тұрағын салуды бастап кетеді.
Тапсырысты дер кезінде орындаған кәсіпкер, сол жылдың желтоқсан айында аудандық бөлімге құрылыс нысанын қабылдау үшін орындалған жұмыстардың құжаттарын жолдайды.
Мәселе осы жерден басталады. Тапсырыс беруші мекеме серіктестіктің жұмысын қабылдамай, не кемшілігін айтпай, веб-портал арқылы орындалған жұмыстар актісі уақытылы бекітілмейді. Бекітілмеді, деген желеумен тиісті қаржы да сол күйі төленбейді.
Осы кезеңге дейін аталмыш мемлекеттік мекемеде төрт рет басшы ауысады. Бірақ созбалаңға салған қаржы әр басшының тұсында шешімін таппай, "жабулы қазан" күйінде қала берген.
Амалы таусылған ЖШС директоры Алмаз Сұлтанұлы облыстық Кәсіпкерлер палатасының құқықтық көмегіне жүгінеді. Палата заңгерлері бір жылға жуық кәсіпкерді заңдық тұрғыдан қарауына алып, қажетті құқықтық кеңесімен бірге құжаттарын дайындап, сотта заңды мүддесін қорғап шықты.
"Бұл жердегі мәселе мемлекеттік органның кәсіпкерді соншама әуре-сарсаңға салғанында болып тұр", – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан.
"Жасалған жұмыстың не кемшілігін айтпайды, не қабылдау актісіне қол қойып бермейді. Кәсіпкерлер палатасына жүгінемін дегенше кәсіпкер бірнеше рет аталмыш бөлімді сотқа да береді. Алайда құқықтық тұрғыда жеткілікті деңгейде қаруланбағандықтан діттеген мақсатына жете алмаған. Біз араласқан күннің өзінде тапсырыс беруші тарап веб-порталдағы актіге қол қойды да, қағаз түріндегі нұсқасына сол күйі қол қойылмай қалды. Алайда заңда веб-порталдағы актіге қол қойылса болды, әрі қарай кәсіпкер заңды ақшасын сот арқылы талап ете алатыны көрсетілген. Осы талапты негізге алып, біз сотта кәсіпкердің мүддесін қорғай алдық", – дейді С.Құлмахан.
Талап арыз осы жылдың 26 ақпанында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Судья қос тараптың уәждерін тыңдай келе "Бәйтерек-Групп+АА" серіктестігінің пайдасына, қарыз сомасын өндіру туралы талап арызын толық қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Енді сот қаулысы бойынша Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі кәсіпкерге 5 млн 28 мың 800 теңгемен қоса, 150 мың 864 теңге сот шығынын қоса төлейтін болды. Кәсіпкердің ақшасы шілде айында толық төленеді делініп отыр.
"Облыстық "Атамекен" Кәсіпкерлер палатасының құқықтық көмегі мен қолдауы үшін алғысым шексіз. Әдепкіде қатты қиналдым, шығынға баттым, бірнеше соттан жеңілдім де. Палатаның кәсіпқой заңгерлері мені сүйемелдеді. Сөйтіп заңды түрде мәселемді шешіп берді. Сіздердің көмектеріңізге үлкен рахмет!", – дейді серіктестік директоры Алмаз Сұлтанұлы.
Осылайша бірнеше жылға созылған мемтапсырыс дауында "Бәйтерек-Групп+АА" ЖШС Кәсіпкерлік палатасы арқылы жеңіске жетті.
Нұрбек Дәуренбеков