Үстемеақыдан қағылған қызметкерлер наразылық білдірді

604

Даурыққан дау Дулати атындағы іргелі оқу орнынан шықты.

Үстемеақыдан қағылған қызметкерлер наразылық білдірді

Ал жақында ғана ұстазы парамен ұсталған Тараздағы өңірлік университеттен тағы да шу шықты. 100-ге тарта қызметкер бір күнде жұмыс орнын тастап, оқу ордасы алдында дауға басты. "Тиісті үстемеақыдан қағылдық" деп өкпелері қара қазан. "Жалақы да өспейді" деп жыларман. 

Жалақысын күні кеше алған тұтас шаруашылық бөліміне айлық мардымсыз күйде үлестіріліпті. Тиесілі төлем шамамен 50 пайызға төмендеді дегендер де бар.   

Ашынған топтың пайымынша, төлем әркімде, әртүрлі кеміген. Сорақысы, себебі де айтылмаған көрінеді.  

"Ректор бізді қабылдамайды. Осы уақытқа дейін шыдап келдік", дейді Шаруашылық қызметкері Фарида Ұланбаева. 

Былтыр президенттің күздегі жолдауынан соң, университеттің экс басшылығы шаруашылық бөлімдеріне үстемеақы тағайындайды. Ол бұйрық заңға, сәйкес жыл біткенде күшін жояды. Әдеттегі айлықты тосқан топ бұған аң-таң. Ешкім ескертпеді, елемеді деп өкпелі. 

"Азын-аулақ үйге кіріп отырған кірісімізге қол сұғып отыр бұл кісі. Сол үшін бәріміз жиналып, барайық деп отырмыз", дейді Шаруашылық қызметкері Мағауия Бұланбаев. 

Университетте қызметшілер құрамының 54 пайызы әкімшілік-шаруашылық бөлімдеріне тиесілі. Сондықтан наразы топтың нөпірі қалың. Ал жұмысшыларды жұбатпаққа әуелі орынбасар, кейін ректордың өзі келді. 

Басшылық базыналарын тыңдады. Үлестірілмей қалған үстемақы енді бүгін берілмек.   

Білім ордасындағы 15 мыңға жуық студенттің 26 пайызы мемлекеттік грант иегерлері. Оқу орны өз шығынын өзі өтейді. Сондықтан үнемдеу арқылы, қызметшілер құрамының жалақысын өсіре аламыз дейді. 

"Кейде университетке жаяу келіп кетемін. Сөйтіп-сөйтіп жалақыны көтермесек, біз профессордың да жалақысын, жалпы қызметкерлер жалақысын көтере алмаймыз", дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов. 

Ректор алдағы екі айда ішкі, сыртқы шығындарды есептеп, жалақыны 20 пайызға арттыруды көздейді. Бұған келер оқу жылындағы оқу ақысының өсуі де септеседі. 

Шағым шешіліп, үстемақысын алған шаруашылық қызметкерлері үйме-үй тарқасты. Алайда келер айда не болары беймәлім. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу