Жамбыл облысында вегетация кезеңі басталып, жер емген диқандар егістік алқаптарына су салып та үлгерді. Мамандардың айтуынша, биыл судан тапшылық болмайды. Ал егін шаруашылығы арқылы ел ырысын еселеп жүрген шаруалар жауын-шашын мол түссе де былтырғы жағдай қайталанып, су тапшылығы қыспаққа алуы мүмкін екенін алға тартуда. Осы орайда inbusiness.kz тілшісі жауапты мамандармен тілдесіп, облыстағы ахуалды саралап көрді.
Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының су қорын қорғау бөлімінің басшысы Ербол Жүнісбековтің айтуынша, облыстың су ресурстары Шу және Талас трансшекаралық өзендерінің беткі ағысы есебінен қалыптасады. Жалпы ресурстар Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасқан. Өзендерді пайдалану 1983 жылғы 23 ақпанда бекітілген "Шу өзені мен Талас өзенінің ағынын бөлу туралы" ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Осы ережеге сәйкес бұл өзендердің су ресурстары пайыздық қатынаста бөлінеді. Тарқатып айтсақ, Талас өзенін қос ел теңдей 50 пайыздан бөліп пайдаланып отырса, Шу өзенінің 42 пайызы Қазақстаның, 58 пайызы Қырғыз Республикасының жерін ылғалдандыруға жұмсалады.
"Осы жылғы 26 сәуірде Қазақстан мен Қырғызстан өзендерінің ағыны мен сулылығын ескере отырып, биылғы вегетациялық кезеңге арналған кестелерді бекітті. Онда Қазақстанға Шу өзенінің бойында 180 миллион текше метр, ал Талас өзені бойынша 380 миллион текше метр бөлінді.
Шу және Талас өзендері бассейндеріндегі су ресурстарының едәуір бөлігі суаруға пайдаланылады. Облыстың негізгі су тұтынушысы – ауылшаруашылығы, оның ішінде суармалы егіншілік. Суармалы жер көлемі 182 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне жоспар бойынша 90 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз ету жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға аз", деген Ербол Айтбекұлы бүгінгі таңда суды жинау толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Ал "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаеваның сөзіне сүйенсек, филиал теңгерімінде барлығы 496 гидротехникалық құрылыс бар. Атап айтқанда, жалпы су жинау көлемі 841 миллион текше метрді құрайтын 7 су қоймасы, 2 су бөгеті, 11 су торабы, ұзындығы 2177,631 шақырымды құрайтын 349 канал, ұзындығы 407 шақырым 81 коллектор жүйесі, 46 ұңғыма бар.
"Суармалы маусымға дайындық жұмыстары аясында облыс аумағындағы филиалға тиесілі ұзындығы 75,3 шақырым 22 каналға механикалық тазалау, 18 бетонды каналдардағы жыраларды бетондау, 7 каналдың жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, істен шыққан 59 су өлшеу бекеттері қайта жаңғыртылды, тазалау, әктеу және сырлау жұмыстары жасалды, аталған іс-шаралар гидротехникалық құрылымдардағы көпірлер мен қақпаларда да атқарылды.
Аудандардағы өндірістік бөлімше қызметкерлері каналдардағы күз-қыс айларында жиналып қалған қоқыстарды тазалау және кепкен шөптерді өртеу, судың ағысына кедергі болатын тасындыларды алу сияқты жұмыстар жасалды.
Суару кезеңіне дайындық барысында ауа райының болжамы ескеріліп, филиал теңгеріміндегі барлық 7 су қойманың жұмыс істеу графигі әзірленді.
Су қоймаларға қажетті су көлемі жиналуда", деді Ғ.Зарубаева.
Шу және Мойынқұм аудандарын сумен қамтамасыз ететін "Тасөткел" суқоймасы бүгінгі таңда 100 пайызға толы. Жалпы көлемі 474 миллион текше метр қоймада су тапшылығы болмайды деп күтілуде.
"Теріс-Ашыбұлақ" су қоймасы 93 пайызға толтырылған. Су тасқынының алдын алу мақсатында суқоймасы транзиттік режимде жұмыс істейді.
Қордай өңіріндегі "Қарақоңыз" және "Қақпатас" суқоймалары 99 пайызға толған. Олар да транзиттік режимде жұмыс істейді, су Шу өзеніне құяды. Ақкөл көлі 34 пайызға толы.
Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан "Киров" су қоймасы 82 пайызға, нақтырақ айтсақ, 449,46 миллион текше метрге толған.
"Ынталы", "Бүркітті" және "Жартас" суқоймалары бойынша жағдай орташа жылдық көрсеткішке сәйкес келсе, бұл қоймаларда да су тапшылығынан қауіп жоқ.
Өткен жылы ағын судың қат болуына байланысты облыстың бірнеше ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Алдын ала болжамдарды, сондай-ақ су ресурстарын кеңінен қысқарту үрдістерін ескере отырып, филиал 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша шаралар кешенін әзірледі. Орташа көп жылдық су мөлшерімен 90 мың гектар аумаққа 682 миллион текше метр су беру жоспарлануда.
Ақпан-наурыз айларында аудан әкімдерінің халықпен есеп беру кездесулерінде диқандарға егінді орналастыруды "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының өндіріс орындарымен үйлестіру, ылғалды көп қажет етпейтін дақылдарды орналастыру ұсынылған. Бүгінгі таңда 60 397 гектар аумақты сумен қамтамасыз ету бойынша 2 798 келісімшарт жасалған.