Жантүршігерлік жол апатының жайы жергілікті дүкеннің бейнебақылау камерасына таспаланғаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қайғылы жағдай 24 наурызда Қызылорда – Жезқазған – Павлодар автожолының 912-шақырымында болған.
Кадрлардан Renault автокөлігінің жүргізушісінің қатты жылдамдықпен велосипедшіні соғып кеткенін байқау қиын емес. Соққының қатты болғаны соншалық, ер адам әуеде қалықтай жөнеліп, содан соң ғана бағанаға соғылған. Жол апатына түскен тұрғынды тез арада ауруханаға жеткізгенімен, ол алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
– 42 жастағы Renault жүргізушісі Жаңаарқа елді мекенінен Қарағандыға қарай келе жатып, 58 жастағы велосипедшіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, есін жимастан ауруханада көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс бойынша бірнеше сараптама тағайындалған, тергеу амалдары жалғасып жатыр.