Зайсан көлінде екі балықшы із-түссіз жоғалып кетті, деп хабарлайды altaynews.kz.
6 қыркүйек күні көлге шыққан балықшылардың бірі – 41, екіншісі – 26 жаста. Жағалаудан бірнеше шақырым жерден балықшылардың бос қайығы ғана табылды. Құтқарушылар "суға батып кетуі мүмкін" деген болжам айтады. Ал куәгерлердің сөзінше, 26 жастағы балықшы мүлдем жүзе алмайды екен.
Өскеменнен барған сүңгуірлер жағалаудан 10-15 шақырым жерде, 15 метр тереңдікке дейін сүңгіп, балықшыларды іздеп жатыр. Сондай-ақ, іздестіру жұмыстарына жақын елдімекендердің тұрғындары да атсалысуда. Құтқарушылар Зайсан көлінің үстін және маңайын тікұшақпен де шолып жүр.
Іздеу жұмыстары жалғасуда.