Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында дала өртеніп, 45 гектар жер отқа оранды. Оқиға орынына дереу жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Дала өрті 24 сәуірде Зайсан ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан 15 шақырым жерде болған.
- Қарабұлақ ауылынан 15 шақырым жерде қамыс пен шөп өртенді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Екпіні секундына 8-ден 10 метрге дейінгі жел мен жетуі қиын батпақты жер жағдайды қиындатып жіберді, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылдарының арқасында 45 гектар аумаққа жайылған қызыл жалын толықтай ауыздықталды.
Тілсіз жаумен күреске барлығы 62 адам мен 12 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, құтқарушылар өрт шыққандығын ғарыш арқылы мониторинг жасаудың арқасында анықтаған.