Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес Ақсай қаласының әкімі Айымгүл Тіріжанова қызметінен босатылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, А.Тіріжанованың биылғы 14 қыркүйекте аталмыш қызметке арнайы тексерусіз, заңсыз тағайындалғаны белгілі болды.
А.Тіріжанова бұдан бұрын Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарған кезде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, Бөрлі аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен А.Тіріжанова ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 535-бабына (заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және заңсыз табыс табу) сәйкес айыпты деп танылып, оған 792,8 мың теңге айыппұл салынған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметке қабылданғанға дейін үш жыл мерзімде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік айыппұл салынған азамат мұндай қызметке қабылдана алмайды.