"Заң жобасын мұқият оқу керек еді": Саясат Нұрбек депутаттардың сынына жауап берді

497

Парламенттің төменгі палатасында "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасы қызу талқыланды. 

"Заң жобасын мұқият оқу керек еді": Саясат Нұрбек депутаттардың сынына жауап берді Фото: primeminister.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәжілісмендердің заң жобасы бойынша айтқан сынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң жобасын мұқият оқу керек еді. Негізінде бұл заң жобасында бұрын болмаған жүйелі механизмдер көзделген", - деді министр Мәжіліс кулуарында.

Тілшілер "Демек депутаттар заң жобасын оқымаған ба?" деп нақтылады.

"Иә, оқымаған. Шын мәнінде де екі үлкен заңның бірігуі нәтижесінде осындай жаңа заң жобасын шығаруға тура келді. Қазіргі таңда ең үлкен мәселе – ғылыми-зерттеу институттарымыздың, ЖОО-лардың ғылыми зерттеу ізденістері мен жобалары нақты өндіріспен, жеке меншік компаниялармен, өнеркәсіптік компаниялармен ұштастырылмауында. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан бұл заң "Ғылым және технологиялық саясат туралы" деп аталады. Заң нәтижесінде ғылыми гранттар ғылыми-зерттеу институттарына тек олардың шығарған тақырыптарына ғана емес, өндірістің берілген мәселелеріне беріледі. Бұрын ғалымдардан қандай тақырыптар сіздерге қызықты деп сұрап, соған қарай ақшаны бағыттайтынбыз. Енді бұл механизм түбегейлі өзгереді. Мәселен, Қытайда ғылыми-зерттеу тақырыптары тек қана мемлекетке керек бағыттарға беріледі", - деп атап өтті министр.

Екіншіден, бизнесті те ғылыми-зерттеулерге ынталандыру қажет, деп жалғастырды Саясат Нұрбек.

"Салық жеңілдіктері арқылы бизнес инвестицияларды ғылымға салуды ынталандыру механизмін жасап отырмыз. Бизнес ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, мықты зерттеу жасаған жағдайда салған ақшадан 100 пайыз салық төлемейді. Ал сол зерттеуінің арқасында шыққан өнімдер, қызметтер болса, тағы да 50 пайызын төлемейтін болады", - деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау күшейетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу