Мәжіліс "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасы "Ғылым туралы" және "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" ҚР Заңдарының қолданыстағы нормаларын қамтиды. Құжат келесі новеллаларды көздейді. Біріншіден, ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру. Ұлттық ғылым академиясының функцияларын кеңейіп, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары бойынша ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізіледі. Өңірлік міндеттерді шешу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдарға құзырет беріледі. Екіншіден, тиісті қолдау бағдарламаларымен (гранттық және нысаналы қаржыландыру) оларды қаржыландырудың негізділігі үшін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің дайындығы дәрежесін айқындау тетіктері енгізіледі", - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ұлттық ғылым академиясын жоғары ғылыми ұйым етіп қайта форматтау ұсынылды.
"Ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакеті кеңейеді. Академия мәртебесін оқшаулау мақсатында Заң жобасында "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" деген дербес тарау көзделген. Академиялардың бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары бойынша ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізу, ғылымды дамытудың басым бағыттарын талдау жөніндегі функцияларын кеңейту ұсынылады", - деп жалғастырды ведомство басшысы.
Бұдан бөлек жаңа заң жобасында ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті қаржыландырудың қолданыстағы тетігі сол күйі қалды.
"Ғалымдарды ынталандыру мақсатында қазақстандық ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға құқық беру бөлігінде, қазақстандық ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қамтамасыз ететін субъектілерге салықтық жеңілдіктер беру бөлігінде бірқатар түзетулер көзделген", - деді министр.
Айта кет керек, осыған дейін депутат Бақытжан Базарбек Ғылым және жоғары білім министрінің жұмысын сынға алғанын жазған болатынбыз.