"Сөздеріңіз әдемі өлең сияқты": Депутат Саясат Нұрбектің жұмысын сынға алды

400

Алматыдағы сейсмология институтының қызметкерлері бейшараның күнін көріп отыр.  

"Сөздеріңіз әдемі өлең сияқты": Депутат Саясат Нұрбектің жұмысын сынға алды Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аталмыш институтты Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Шіркін, біздің министрлеріміз сіз (ред. – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек) сияқты қызыл тілді, суырыпсалма шешен болса, барлық сұраққа жауап болатын еді. Әдемі өлең сияқты сізді қазір тыңдап отырмыз. Дүйсенбі күні Алматыда үлкен жер сілкінісі болды. Күні кеше мен Алматыдағы сейсмология институтының қызметкерлерімен кездестім. Сіз қазір Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр деп бірталай іс-шараны айтып жатырсыз. Іс жүзінде сейсмология институтының қызметкерлері бейшараның күнін көріп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландырудан қысқартып тастады. Олар айлығын да алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр темір, оны музейге де қабылдамайды. Міне, сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай қазір", - деді халық қалаулысы. 

Ол сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында екенін еске салды. 

"Сейсмолог ғалымдардың айтуынша, бұл қате. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Бұл бірінші сұрақ. Тыңдаңыз. Екіншіден, заң жобасын қарап отырсам, көп нәрсе жазылған, бірақ түйін өте аз. Басқаша айтқанда, экономикалық ынталандыру механизмдері өте аз. Заң шикілеу сияқты. Неге заң жобасының өзінде ғылыми қызметкерлерді, ғылым институттарды қолдаудың экономикалық тетіктері көрсетілмеген?", - деп сұрады ол.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше,  еліміздегі бірқатар институт салалық министрліктерге берілген. Оның қатарында Алматыдағы сейсмологиялық институт да бар. 

"Өкінішке қарай, оларда толыққанды қаржыландыру да жоқ. Бізде олардың ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндік жоқ. Қайтарылса, қарсы болмаймыз. Бірақ биыл сейсмология институтына үлкен нысаналы бағдарламалы грантты беріп отырмыз. Бұл мәселе бойынша 3,5 миллиард теңге көлемінде қарастырылған. Қазір барлық өтінімді пысықтап, келесі жоғары техникалық комиссияның отырысына шығарып отырмыз. Берілгені дұрыс болады", – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте "Ғылым және технологиялық саясат туралы" және оған ілеспе заң жобалары қаралып жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу