Қазақстанда шамамен 100 мыңнан астам тіркеуге алынбаған шетелдік автокөлік бар, деп жазады inbusiness.kz.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, министрлік мұндай автокөлік иелерін заңды түрде әлі жауапқа тартып жатқан жоқ.
Ол ІІМ 17 шілдеден бастап шетелдік көліктерді уақытша тіркеуге алатынын еске салды.
"Шетелдерде тіркеуде тұрған, шектеуі бар автокөліктер саны шамамен 100 мың деп есепте отырмыз. Солардың ішінде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін кріген және Кеден одағынан тыс әкелінген көліктер де бар. Олардың бәрі де заңдастыру шараларын пайдаланып, көліктерін тіркеуге қойғысы келеді. Бірақ біз алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде талаптарды айтып кеттік. Уақытша тіркеуге алынатын көліктердің бәрін 5 жылға уақытша тіркеуге қоямыз. Содан кейін шаралар қолданамыз", - деді ол тілшінің сауалына берген жауабында.
Заңдастыруға жатпайтын, талаптарға сай келмейтін көліктерді тіркеуге ала алмаймыз, деп жалғастырды спикер.
"Ол автокөліктерді заңдастыру үшін кедендік баж алымын, екіншіден утильдік алымды, үшіншіден алғашқы тіркеу үшін алынатын алымды тіркеу керек. содан кейін барып заңдастыруына болады. Егер оған азаматтар келіспесе, ол автокөлік иелеріне заң жүзінде тиісті шаралар қолданылады",- деді Қайсар Сұлтанбаев.
Айта кету керек, осыған дейін елімізде 206 мыңға жуық шетелдік көлік қазақстандық есепке қойылғанын жазған болатынбыз.