Заңсыз қабылдаған шешімдер үшін әкімдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылды

203

Тиісті бастама Мәжіліс мінберінде көтерілді. 

Заңсыз қабылдаған шешімдер үшін әкімдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылды Фото: baq.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек заңсыз қабылдаған шешімдер үшін әкімдерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әрбір қабылдаған шешім үшін әкімдер неге қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды? Бұл – өте өзекті мәселе. Мысалы жер, құрылыс саласында "Жер аманаты" республикалық комиссиясының жұмысы нәтижесінде жер ресурсын басқару департаменттері қаншама тексеріс ашып жатыр. Қаншама заңсыз берілген жерлерді, заңсыз құрылыстарды анықталуда. Оның нәтижесі бойынша сотқа шағым беріп жатырмыз. Бір жыл бойы соттастық. Жерді алған кәсіпкер адвокаттарды жалдайды, соттасады, ақырғы соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша бұл жер заңсыз берілгені анықталады. Әрине, бұл жер мемлекеттік меншікке қайтарылады. Бірақ сол шешімдерді қабылдаған бірде-бір әкімнің қылмыстық жауапкершікке тартылғанын көрген жоқпыз", – деді депутат.

Айтуынша, заң жобасының таныстырылымы кезінде тиісті әкімдердің атын атаған.

"Алматы, Шымкент, Астана, Орал, Атырау қалаларының бұрынғы әкімдері және басқа да қалалар бар. Жұмыс тобының мүшесі ретінде бұл норманы көрген жоқпын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасының орынбасары ретінде позицияңыз қандай? Бұл норманы қазір енгіземіз бе, енгізбейміз бе? Әкімдер сол жауапкершіліктен сытылып шыға ма?", – деп сұрады мәжілісмен Бақытжан Базарбек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жер мәселесі өте өзекті екенін, алайда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер қажет екенін жеткізді.

"Бұл мәселемен сіз де, біз де айналысамыз. Ең әуелі дәлелден бастауымыз керек. Әкім болсын, басқасы болсын, әр адамға дәлел қажет. Өткен жылдары Алматы қаласындағы тау жақтағы жерлерді қараған кезде заңбұзушылықтар шыққан. Біз артынан әкімшілікке де, орталық органдарға да ұсыныстар бердік. 60-тай құрылыс объектілері заңсыз салынған. Оның ішінде 10-ы бұзылған. Басқалары бойынша мәселелер соттың қарауында. Қазіргі кезде Алматының бас архитекторы, жер мәселесін қарайтын басқарманың басшысы және бірнеше мамандар бойынша қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан да әр адамға дәлел болуы қажет", – деді Сарқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу