"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында Қызылорда облысында 291 жобаға 40 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Бүгінде соның 70%-ы жүзеге асырылған. Жол картасы шеңберінде 10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Еңбекке тартылғандардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
Байыпты бағдарлама аясында өңірде инфекциялық модульдік аурухана, мектептер мен көпқабатты тұрғын үйлер, жаттығу және стритбул алаңдары, сондай-ақ мұражай мен мәдениет үйлері бой көтеруде.
Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асуына қатысты кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, прокуратора тарапынан жүргізілген мониторингке сәйкес азаматтарды жұмысқа алу кезінде бірқатар заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған.
"Жұмыс берушілер шетел жұмыс күшін тартқан. Шетел жұмыс күші дегеніміз, яғни өзбек азаматтары. 162 адамның құжаттарының дұрыс еместігі немесе жалған жұмысқа орналасқаны анықталды. Қайта тексеру барысында 162 адамның 80 адамы жалған жұмысқа орналасқаны нақтыланды", - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Даулетбаева.
Айта кетейік, бұл жобалар абаттандыру, әлеуметтік - мәдениет, тұрғын үй - коммунальдық шаруашылығы, инженерлік транспорттық саласында 4 бағыт бойынша жүзеге асуда.
Нұрбек Дәуренбеков