Жалақысы аз, жұмысы көп салаға маман жетіспейді

374

Шығыс Қазақстан облысында мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі қатты сезіліп отыр.

Жалақысы аз, жұмысы көп салаға маман жетіспейді Фото: Inbusiness.kz

Әсіресе, Күршім ауданындағы маман тапшылығы бүкіл облыстағы бос орындардың 30 пайызын құрайды. Жалақының аздығы, әлеуметтік жағдайдың жасалмауы, қызметтік көліктің ескілігі еліміздегі ветеринарлар жұмысына қол байлау болып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Еліміздің шығысында өндірістен бөлек ауылшаруашылығы жақсы дамыған. Соның ішінде төрт түлік баққан ел де көп. Осы малшылар үшін мал дәрігерінің жоқтығы бас ауруға айналған.

Мәселен, Күршім ауданында 41 мың бас жылқы, 80 мыңнан аса ірі-қара, 146 мың қой-ешкі бар. Оларға жауапты 104 мал дәрігердің орнына 83 маман жұмыс істеп жүр. Бар қызметкерлердің он үші ғана жоғары білімді.

"Әр ауылда сол ветеринардың үйі деген тұрса. Келесі маманға орнын ауыстырып отыруға берілген. Ондай үйлер келгенде жоқ. Ол келеді. Мысалы әйелі басқа мамандықта. Мұғалім, мүмкін адам дәрігері. Оларға да бірден жұмыс табыла қоймайды. Әмбе жастардың бәрі қалаға тартып тұр ғой", - дейді "Күршім-Вет" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қайрат Ибраев.

Осы салада табандай 40 жылға жуық еңбек еткен Ерлан Темішов те бір айдан соң зейнеткер атанады. Одан өзге төрт әріптесі зейнет жасына жеткен. Сонда, онсыз да маман жетіспей жатқан мекемеде тағы 5 жұмыс орны бос қалғалы тұр.

"Олардың орнына оқу бітіріп келіп жатқан мамандар жоқ деуге де болады. Көпшілік жағдайда оқу бітіріп келіп алып, басқа жұмыстарға кетіп қалады", - дейді "Күршім-Вет" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Ерлан Темішов.

Шалғай өңірдегі мал дәрігерлерін қызметтік көліктің жайы да қатты қинап тұр. Нарықта ырық бермей бара жатқан қымбатшылық ескі көліктердің қосалқы бөлшектерін сатып алуда қиындық туғызады.

"Өз күшімізбен жөндейміз. Жөндегенде қосалқы бөлшектердің бағасы шарықтап кетті ғой. Осы жолы қарап отырсақ 12-жылғы ниваның алдыңғы мостын 26 мыңға алыппыз. Қағаз-құжаттарын қарап отырсақ. Биыл 120 мыңға аламыз. 26 мен 120 мыңның арасында қаншама айырмашылық бар?", - дейді "Күршім-Вет" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қайрат Ибраев.

Яғни, онсыз да жалақыға жарымай жүрген мамандар ескі көліктерді өздері жөндеп қосымша шығынға батып отыр екен. Мысалы, ветеринар санитардың жалақысы 105 мың теңге ғана. Оған отбасындағы 4-5 адамды асырау мүмкін емес екені әмбеге аян. Сондықтан, мал дәрігерлері ең бірінші жалақыны көбейтіп, мемлекет тарапынан жағдай жасалса  дейді. Алайда, қызметтік көліктен бастап, жанармай тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтар мәселесінің шешілетініне сенімнен күдік басым.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу