Көршінің Қазақстанға бақталас болған саласы теңдессіз дағдарысқа ұшырады

918

Мыңдаған жұмысшы жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырып, ондаған компанияға және кеніш-шахтаға мүлдем жабылу қаупі төнді. 

Көршінің Қазақстанға бақталас болған саласы теңдессіз дағдарысқа ұшырады Фото: makler.ru

Сонымен қатар, халқы босып көшіп, ресейлік біраз қала иесіз қалғалы тұр. Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары ашық жазуда, сарапшылар тоқтаусыз дабыл қағуда.

Кеңес одағының көмір өнеркәсібінің бұрынғы министрі Михаил Щадовтың дерегінше, КСРО-да одақтың, Ресейдің алып жылу-электр орталықтары мен станциялары қазақстандық көмірмен жұмыс істеді. Мысалы, Екібастұздың 40 миллион тоннаға жуық "қара алтыны" (кеңес дәуірінде "қара алтын" деп мұнайды емес, көмірді атайтын) көршінің электр станцияларына жеткізілді.

Кеңес империясы күйрегеннен кейін Ресей Қазақстаннан жылына шамамен 25–28 миллион тоннаға дейін көмір сатып алып тұрыпты. Соның ішінде әсіресе, Омбы, Челябі, Свердлов облыстары, Черепетский ГРЭС, Қорған ЖЭО, Троицкий ГРЭС және басқалары екібастұздық көмірге тәуелді болды.

Алайда кейін РФ Үкіметі елдің бүкіл дерлік жылу-электр орталықтарын ресейлік Кузнецск көмір бассейнінің (Кузбасс атауымен белгілі) шикізатына көшірді. Кузбастық көмірді жаға алуы үшін станцияларды қайта реконструкциялауға, жабдықтауға орасан зор капитал салынды.

Саланы күйзелістен бұл да құтқара алмады. Өйткені ресейлік сарапшылар РФ көмір өндірушілерінің санкциялар кесірінен әлемдегі ең бай елдердің нарықтарынан айрылып қалғанын нұсқады.

"Ресейдің ең бір ірі саласы кең ауқымды дағдарыс шыңырауына құлап барады. Ондаған мың шахтерға жұмыссыз қалу қаупі төнді. Ондаған компания дәрменсіз жағдайға жетті. Көмір өндірісіне тәуелді Кузбасс, Кузнецк, Хакасия сияқты өңірлерде біраз моноқала бос қалғалы тұр. Себебі, ресейлік көмір өнеркәсібі соңғы онжылдықтағы ең салмақты күйзелісті бастан өткеруде. Санкциялар кесірінен еуропалық нарық жабылып қалды. Компаниялар өз өнімін Үндістан мен Қытайға сатуға қайта бағдарлануға тырысты. Бірақ бәсекеде ұтылуда. Отандық көмір компанияларының басым көпшілігі табыссыз істеп жатыр. "Идеалды дауыл" басталды", – деп жазды ресейлік "Холод" басылымы.

Оның дерегінше, Ресейдің көмір өндіруші өңірлерінде жаппай қысқартулар жүруде.

РФ-та қазіргі кезде 180 көмір компаниясы бар, олар 170 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып келген еді. Негізгі көмір өндіруші кәсіпорындар Кемер және Краснояр облыстарында, сондай-ақ Қиыр Шығыс федералды округінде орналасқан.

Көршінің ең ірі компаниясы – "Сибирская угольная энергетическая компания" (СУЭК), одан кейінгі тұғырларда "Стройсервис", "Эльгауголь", "Сибирский антрацит", Evraz және "Мечел" холдингі жайғасқан.

"Холод" соңғы холдинг Ресейдегі коксталатын көмірді байытушы зауыт-кәсіпорындардың төрттен бір бөлігін бақылауында ұстап отырғанына, алайда бүгінде оның борышқа белшеден батқанына және "Газпромбанк" пен ВТБ алдындағы қарыздарын өтеудің түрлі жолын қарастырып жатқанына назар аудартты.

Табысы 8 есеге құлдырады

Ресейлік статистика мамандары салада ауыр ахуал туындағанын куәландыратын мәліметтерін жариялады. 2022 жылдан, яғни Украинаға қарсы соғыс басталғалы және санкциялар енгізілгелі РФ көмір саласының табысы 8 еседен (!) астамға құлаған.

Росстат дерегінше, ресейлік көміршілер 2022 жылы 821 миллиард рубль таза табыс тауыпты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 374 миллиард рублге әзер жеткен. 2024 жыл қорытындысында РФ көмір саласының залалы (убыток) бұрын-соңды болмаған рекордтық 113 миллиард рублден асты.

Бұл ретте шығынды кәсіпорындардың үлесі бойынша да антирекорд орнатылды: олардың саны екі еседей артып шыға келді. 2024 жыл аяқталғанда, ресейлік көмір компанияларының көпшілігі, 53%-ы – залалды (убыточный) кәсіпорынға айналған.

Сарапшылар биылғы көрсеткіш одан да алапат болатынына сенімді. Басқаша айтқанда, ресейлік бұл саланың көл-көсір кіріске кенелетін заманы артта қалды.

Көршінің ақпарат құралдары көмір өнеркәсібінің қазіргі проблемалары 2022 жылы басталғанын қаперге салады. Сонда АҚШ пен Еуропалық Одақ өзіне РФ-тан көмір импортына түбегейлі тыйым салды.

Америкаға жеткізілетін ресейлік бұл отын түрінің көлемі аз еді. Құрама Штаттар оны негізінен Колумбия мен Канададан алады. Ал, ұжымдық Еуропа экспортқа шығарылатын барлық ресейлік көмірдің төрттен бірін, 25%-ын бір өзі тұтынатын, сол үшін астатөк валюта аударатын.

"Тек Еуропалық нарықты жоғалтудан РФ жылына 8 миллиард доллар (сол кездегі бағаммен жылына шамамен 736 миллиард рубль) табыстан қағылды. Көмір саласы бүгінде "идеалды дауыл-штормға" тап келді. Барлық проблемалары бір мезетке сәйкес келді", – дейді белгілі ресейлік экономист Наталья Зубаревич.

Ол тек санкциялар ғана емес, сонымен бірге көп жылғы минимумға дейін құлаған көмірдің әлемдік бағасы да жағдайды ушықтырып отырғанын ескертті. Бағалардың құлдырауының негізгі себебі – экономикалық өсуі тежелген Қытайдағы сұраныстың күрт төмендеуі.

Егер 2022 жылы 1 тонна энергетикалық көмірдің экспорттық құны жөнелтілетін портына қарай 148–192 доллар аралығында болса, 2024 жыл қорытындысында бағасы 72–106 долларға дейін түсіп кетті.

Дағдарыс әсіресе, энергетикалық көмірге маманданған ресейлік орташа компанияларды қаусатты. Іргедегі еуропалық майшелпек нарықтардан қол үзген оларға Азиядан жаңа сатып алушыларды дереу табуға тура келді.

Нәтижесінде, 2023–2024 жылдары ресейлік экспорттың жартысына жуығын – Қытай, 10–15%-ын – Түркия, 12%-дан азын – Үндістан сатып алды. Бірақ жаңа клиенттерді өзіне тарту оңайға түспеді, олар ескі жеткізушілерінен бас тартып, бетін бері бұруы үшін ресейлік компаниялар ешкімде жоқ жеңілдіктер ұсынып, шығынмен жұмыс істеуге мәжбүрленді.

Мақсат белгілі: нарықтарды жаулап алып, үстемдігін орнатқаннан кейін клиенттерге өз тілегін таңып, қымбаттатылған жаңа бағамен сатып алуға көндіруден дәмеленді. Алайда дәл осы кезде бүкіл әлемде бұл отынның биржалық бағасы екі еседей арзандап шыға келді.

Демек, қаласаң да, қаламасаң да арзан бағамен жеткізесің. Содан ұсақ компаниялар жабылды, орташалары қарызға батуда, кейбірі ірілеріне қосылған. Әйтсе де, "Мечел" немесе "Якутуголь" сияқты алпауыттардың өзі өндірісін қысқартуға мәжбүр.

Өйткені бұрынғыдай сонша көп көмір енді ешкімге қажет емес. Соның кесірінен, әрбір өндірілген жаңа тонна шикізат тек шығын көлемін арттырады. Оның бәрін сақтайтын қойма мен орын қалмай барады.

Нақтылағанда, "Мечел" 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ғана өндіріс көлемін былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда төрттен бірге қысқартқанын жариялады.

Қарулы қақтығыс басталғанға дейін Ресей шетелге көмір экспорттаудан жыл сайын жалпы алғанда 44 миллиард доллар (шамамен 4 триллион рубль) табыс табатын. Ақпарат құралдары РФ ішкі нарығы тым аз және рентабельділігі төмен екеніне нұсқайды.

Біріншіден, жылу-электр орталықтарының үлкен бөлігі "Газпромның" көгілдір отынына көшірілген. Екіншіден, Үкімет қаулысына сәйкес, көмір ішкі нарыққа экспорттан шамамен 3 есе арзанға сатылуға тиіс. Сондықтан көмір саласында экспортқа қойылған кез келген кедергі көмір кәсіпорындарының көрсеткіштеріне кері әсер ететін.

Қазіргі кезде көршіде дәл сол "тар жол, тайғақ кешті" заман орнады. Ресейден әлемдік нарыққа бет алатын көмір экспортының көлемі үшінші жыл қатарынан тоқтаусыз құлдырауда: 2022 жылы 221,2 миллион тоннасын сыртқа сата алса, 2024 жылы бұл көрсеткіші 196,2 миллион тонна болды және 12,5% төмендеді. Салыстырсақ, Кеңес одағы жылына 500 миллион тоннадан көп көмір өндіретін.

Осылайша, РФ ХХІ ғасырдың екінші онжылдығындағы көрсеткіштеріне дейін кері кетті (ағымдағысы – үшінші онжылдық). Оның үстіне статистика ресейлік көмір экспортының қазіргі негізгі нарықтарына – Қытайға, Оңтүстік Кореяға және Түркияға жеткізілімдері төмендей бастағанын паш етті.

Себебі, фрахт-тасымал шығыны артқан ресейлік көмірге ол нарықтарда басқа экспорттаушы елдермен бәсекелесу барған сайын күрделенуде. Мәселен, РФ-қа тәуелділіктен құтылу үшін Қытай мен Үндістан былтырдан бері ішкі өндірісін еселеп арттырып жатыр. Ал, саланың жаһандық бір лидері – Австралия 5 жылға созылған сауда дауын реттеген соң қайтадан Қытайға көмір жеткізе бастады.

РФ Ұлттық көмір қауымдастығы шың елінің бір "әлімжеттігіне" шағымданды. ҚХР ресейлік компаниялардан импорттық баж салығын жинауға кірісті. Қытайлық жергілікті провинциялар елге енгізілген әрбір тонна ресейлік көмір құнының 3–6%-ы көлемінде алым алады. Дәл осы кезде Австралияның немесе Индонезияның көмірі қосымша баж алымынан толық босатылған.

Экспортты енді теміржол шектеді

Ресейлік сарапшылар дағдарыс саладағы тағы бір проблеманы жалаңаштағанын айтады.

"Ресейдің ішінде "РЖД"-мен (Ресей темір жолдарымен) байланысты салмақты инфрақұрылымдық проблемалар қордалануда. Олар көмір тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік бермейді. Жалпы, көмір экспортына санкцияларға қарағанда, теміржолдардағы проблемалар қаттырақ кедергі келтіруде", – дейді Экономика мен қаржы институтының аға сарапшысы Александр Титов. 

Көмір тиелген вагондардың көбі бұрын Батысқа ағылатын. Енді Шығысқа қайта бағдарланғандықтан, олар "РЖД"-ның Шығыс полигоны аталатын Шығыс Сібір, Байкал және Қиыр Шығыс теміржолдары кешенін шектен тыс жүктеді.

Бұл тығырықтан шығару үшін билік теміржолмен тасылатын жүктерге квота енгізді. 2024 жылы 6 өңір арқылы шамамен 100 миллион тонна көмір ғана өткізуге келісілген. 2025 жылы тек Кузбасс көмірөндірушілеріне квота тиді. Салдарынан, өткізу көлемі екі еседей – 54 тоннаға дейін бір-ақ құлады.

РФ Ұлттық көмір қауымдастығының дерегінше, 2024 жылы Ресейде 6 кеніш-разрез жұмысын тоқтатты. 2 алып шахта толығымен жабылды. Биылғы қорытынды одан да сұмдық болуы әбден мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу