ШҚО-да жалған нөмір таққан жүргізушінің 2 млн теңгеден аса айыппұлы бар болып шықты, деп жазады inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.
18 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Заңға бағынбайтын тәртіпсіз жүргізуші осы кезде ұсталған.
Polisia.kz хабарлауынша, 13 тамызда Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қабанбай батыр көшесінде жол ережесін бұзған Toyota автокөлігін тоқтатқан. Көлік жүргізушісі қашып кетуге тырысқан.
"Сергек қорғау" қосымшасының көмегімен құжаттарды тексеру барысында тәртіп сақшылары көлік жүргізушісі Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны екенін, сонымен қатар ол көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүргізгенін анықтады. Белгілі болғандай, республика бойынша аталған нөмірдің 175 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген, айыппұл сомасы – 2 млн теңгеден астам. Аталған факті бойынша, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (Материал Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді), ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігі (30 АЕК мөлшерінде айыппұл), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (15 АЕК мөлшерінде айыппұл) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Автокөлік қарызды толық өтегенге дейін арнайы тұраққа қойылды", – деп жазады ақпарат көзі.
Айта кетсек, жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оған жол бермеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, соңдай-ақ көлік қозғалысы тәртібін арттыру мақсатында өткізіліп тұратын шара.