Жамбыл облыстық музейінің қорында сақтардың дулығасы сақтаулы тұр

338

Бүгінге дейін ежелгі көшпелі тайпалардың мекен еткен территорияларынан үш сақ дулығасы табылған. 

Жамбыл облыстық музейінің қорында сақтардың дулығасы сақтаулы тұр Фото: Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

Ежелгі Орталық Азия территориясынан металдан жасалған дулығаның табылуы өте сирек кездесетін олжа. Себебі қарапайым жауынгерге қолжетімсіз әлеуметтік маңызы бар металл қорғаныс құралының бағалы түріне жатқызылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінге дейін ежелгі көшпелі тайпалардың (сақтардың) мекен еткен территорияларынан үш сақ дулығасы табылған. Орталық Азия территориясынан табылған үш сақ дулығасының бірі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.

"Бірінші дулыға Жетісудың батысындағы Қордай ауданының Қысмышы қалашығынан табылған. Дулыға ассиметриялық пішінде жасалып, жоғарғы бөлігінде бедерлі аласалау жоталар түскен. Бүйірлері ішке қарай сәл иілген. Алдыңғы жағында шығыңқы мұрынды құрайтын екі жартылай шеңберлі сызықтары бар. Төменгі шетінен 3 сантиметр жоғарыда дөңес пішінде қалып құйылған. Осы сызықтың астында 4 тесік көлденең орналасқан. Бұл тесіктер дулығаның ішінен киетін матадан жасалған жұмсақ баскиімді байлауға арналған. Дулығаның биіктігі – 20, ені (оңнан-солға) – 20, ұзындығы (алдынан артқа қарай) – 23 сантиметр.

Екінші дулыға Самарқан аумағынан табылған таластық типке өте ұқсас келеді. Дулығаның жалпы ұзындығы – 24,5 сантиметр.

Үшінші дулыға Қырғыз Республикасының Джалал-Абад облысының Тогуз Тороос ауданынан кездейсоқ табылған. Бұл дулыға әжептәуір жоғары сүйір сфералық күмбез пішінде жасалған. Дулыға күмбезі біршама ассиметриялы. Күмбез биіктігі – 29, ұзындығы – 23, ені – 18 сантиметр. Сонымен қатар музей қорындағы Шу өзенінің төменгі жағындағы құмды төбешіктердің бірінен кездейсоқ табылған дулыға киген шабандоз-жауынгердің басындағы дулыға осы Қырғыз елінен табылған дулығаға өте ұқсас келеді. Шабандоздың бет жағы мен төменгі жағы жұмсақ дулығамен тығыз жабылған, белбеуі бар. Үлкен тік мұрын, көзі ашық, қалың қастары, тығыз қысылған аузы күшті әскери қалыпты, бейнені көрсетеді. Бұл жауынгер бейнесі арқылы дулығаның киілу бейнесін өте анық көруге болады. Музей қорына қоладан жасалған жауынгер мүсінін 1964 жылы Жамбыл қаласының тұрғыны Илья Фадеев тапсырған" - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Алманқұлова. 

Музей қызметкерінің айтуынша, үш дулыға да бір-біріне қатты ұқсас келеді. Үшеуінің де ішінен киетін теріден немесе матадан жасалған баскиімдері болған.Дегенмен үш дулығаның да өзіне тән ерекшеліктері бар: шошақ бөрікті, жоғарғы бөлігі ілмекпен және жоғарғы жағы қыр, жота бейнесінде жасалған. 

"Үшеуінің де нақты мерзімін көрсету қиын. Себебі олардың барлығы арнайы экспедициялық кешенде емес, кездейсоқ табылған. Мәселен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы дулығаны 1950 жылы сол кездегі "Трудовик" колхозының тұрғыны, оқушы кездейсоқ тапқан. С.Копылов Талас алқабынан табылған дулығаны біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жатқызады. Е.Кузьмин Самарқаннан табылған дулығаны да осы кезеңге жатқызады. Үш дулығада ғылымда "кубандық" деп аталады. Өйткені ең алғашқы қолданысқа енген әрі көп табылған территориялардың бірі осы Кубан болған. Бұл дулығалар қарастырылып отырған уақытта Солтүстік Қытай мен Моңғолиядан Қаратеңіз бойы мен Солтүстік Кавказға дейінгі аралықта кеңінен таралған. 

Сақ дулығасы сақтардың металл игеру өндірісінің деңгейін, қолөнерін, әскери жабдығының бейнесін көрсетеді. Кейбір ғалымдар бұл дулығаларды жерлеу рәсімінде қойылған деген болжам айтады. 

Музей қорында аталған дулығадан бөлек, сақтардың алтын әшекей бұйымдары, жебе мен найзаның ұштары, ақинақ, үлкен көлемді қола қазандары сынды мұралары сақталған" - Ж.Алманқұлова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу