Жамбыл облысына 19 комбайн қайдан келген?

1078

Жамбыл облысының барлық ауданында комбайн тапшы.

Жамбыл облысына 19 комбайн қайдан келген?

Жамбылдық шаруа қожалық басшылары егін шаруашылығын қойып, түбегейлі төрт түлік өсіруге бет бұруға мәжбүр. Себебі жыл сайын науқан кезінде техникалардың тапшылығынан зардап шегіп, комбайн жетіспейтіндіктен, егін орағын кешіктіріп аламыз дейді шаруалар.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есепті мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде облыста 934 комбайн бар. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы техникаларын он пайызға жаңарту мақсатында 19 комбайн сатып алынған екен. Биыл техниканы 13 пайызға жаңарту жоспарланыпты.

Ал әр берген есептеріне қарасақ, 2022 жылы 103 комбайн алу көзделген. Егер есеп дұрыс жүргізілсе, биыл комбайндар саны 1 мыңнан асуға тиіс. Бірақ мұның өзі  781 000 гектар егістік алқабы бар Жамбыл өңірі үшін аз.  

Басқармадағы мамандар жамбылдық шаруалар "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы арқылы жаңа техникаларды лизингке алып жатқанын айтты.

Рас, шаруа қожалық басшылары "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы арқылы былтыр да лизингке біраз техника алыпты. "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның облыстық филиалының директоры Жанар Шәймерденқызы берген мәліметке сүйенсек, былтыр 13 комбайн алынған. Сонымен қатар 130 бірлік тіркемелі аспалы техника, 109 трактор сатылып, жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге техника берілді.

Әйтеуір шаруалардың былтыр комбайн алғаны рас. Бірақ нақты саны қанша? Екі мекеменің берген дерегі екі түрлі. Лизингке 13 комбайн алса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы айтқан 19 комбайн қайдан келген. Ортада бір емес, 6 техниканың есебі қайдан шыға келді? 6 комбайн басқа қаржы ұйымдары арқылы сатып алынса, оның да есебі болуы керек емес пе?!

Жамбыл облысында барлық ауданда комбайн тапшы. Жуалы ауданындағы "Төлеген" шаруа қожалығының төрағасы Мейірбек Төлегенов диқандарға жаңа комбайндар алу үшін жеңілдіктер жасалса дейді. Бірер жылда қазіргі қолданыстағы ескі техникалар мүлдем жарамсыз болып қалса, жағдай қиындай түсетінін айтады.

"Қазір 7 пайызбен лизингке комбайн алуға болады. Бірақ 7 пайыздың өзі жоғары", – деген ойын алға тартады Мейірбек Қуатбекбекұлы.

Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылдық округіндегі 106 мүшесі бар "Ақылжан - 2017" ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Асылбек Мейірханов комбайнның тапшылығы егін шаруашылығымен айналысатындарға көп кедергі болып отырғанын жеткізді.

"Егін орағы кезінде комбайнды басқа шаруа қожалықтардан жалға алу керек. Оның да әуресі көп, алдында ала кезекке тұру қажет. Жалға алу бағасы да қымбат", – деді.

Диқандар былтыр егіннің әр гектарын 20 мыңға орғызыпты. Егер алқабы 100 гектар болса, 2 миллионды комбайн иесіне төлеуге тура келген. 2021 жылдағы қуаңшылықты ескерсек, шаруалардың шығынға әбден батқаны анық.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу