Жамбыл облысына 565 дәрігер керек

880

Қосымша 50 жасанды өкпе аппараты алынады.

Жамбыл облысына 565 дәрігер керек

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде COVID-19 індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге қандай қолдау көрсетілетінін айтты.

"Қазір 3000-ға жуық маманға сыйақы мен жәрдемақы төлеу үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған қосымша дәрі-дәрмек пен құрал саймандарға деп 10 млрд теңге бөлінді. Оның 7 млрд теңгесі дәрі-дәрмекке, 1,6 млрд теңгесі "Нұр Отан" партиясының көмегімен дәрігерлерді қолдауға, аз қамтылған отбасыларды дәрі-дәрмекпен қамтуға берілді. Әлеуметтік міндетті сақтандыру қоры арқылы 1800-ге жуық дәрігерге 712 млн теңге қосымша сыйақы берілді", – деген ол өңірде қанша дәрігер жетпейтінін де атады.

"Қазіргі таңда 2 мыңнан астам дәрігер науқастарға қызмет көрсетіп жатыр. Біздің болжамымыз бойынша 565 дәрігер жетіспейді. Оны толтыру үшін зейнетте жүрген, жоғары, арнаулы оқу орындарда оқитын, қазір практикада немесе демалыста жүрген студенттерді, науқастардың саны аз аудандардың мамандарын қайтадан оқытып жатырмыз. Оларды ертең пайдалансақ деген жоспар бар. Кейбір дәрігерлер күндіз-түні жұмыс істейді. Үйлеріне баруға мүмкіндік жоқ. Соларға 6 қонақүй дайындадық. Ол нысандарда кем дегенде 400-ге жуық дәрігер тынығатын болады", – дейді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл олысында да қос өкпеден вирус қысқан науқастар жасанды дем беретін аппараттың тапшылығына шағымдануда. Облыс басшысы бұл мәселені көрші елдердің көмегімен шететінін айтты.

"Өңірде 148 жасанды өкпе аппараты бар. Біз білеміз, ол науқастарға жетпейді.  Осы аппаратты сұрап арызданушылар көп. Біз қазір Ресеймен, Өзбекстанмен жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада қосымша 50 аппарат аламыз. Оған қосымша оттегі беретін қондырғылар мен мониторлар алуымыз керек. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігіне 5 млрд теңгенің өтінімін жасадық. Республиклық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет", – деді аймақ басшысы.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу