Қордай ауданында орын алған автобус апатынан 11 адам қаза тапты, деп xабарлайды ZhambylNews.
20 сәуір күні 04:15-те Алматы-Ташкент автожолының 181 шақырымында Toyotа Camri жеңіл авткөлік (мемлекеттік нөмері 811 IJA 02) осы бағытта жүріп бара жатқан Mersedes-Bens 814 ( 209HOA 08) жүк көлігінің артына соғылған. Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бет алған Van Hool ( мемлекеттік нөмері 8213 FA 13) автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып кетті.
Оқиға орнына жедел түрде Қордай ауданының әкімі, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметтері жетіп, зардап шеккендерді Отар, Қордайдағы ауруханаларға жеткізді.
Апатқа ұшырағандардың 2-еуі ауруханаға жетпей көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Сондай-ақ 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Жарақат алған басқа жолаушыларға тиісті көмек көрсетілуде. Зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге облыс әкімдігінің денсаулық басқармасының басшысы М. Жұманқұлов бастаған 3 оташы-дәрігер тікұшақпен Қордай ауданына жеткізілді.
Орын алған оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев, басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия оқиғаның орнына барып, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруда. Сонымен бірге оқиға орнында облыс прокуроры Ж.Құсайынов жұмыс жасауда.
Апатқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаза тапқандардың 7-уі – Қазақстан, 3-уі – Өзбекстан азаматы. Ал бір адамның қай елдің азаматы екендігі әзірге анықталуда. Ауруханаға жеткізілген жарақаттанғандар арасында қазақстандықтар, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар.