Жамбыл облысында 2 аптада қызылшамен ауырғандар саны 27,9 пайызға өсті

780

Індетпен ауырғандардың 86,2 пайызы екпе алмаған.

Жамбыл облысында 2 аптада қызылшамен ауырғандар саны 27,9 пайызға өсті Фото: Аргументы и Факты

Осыдан бірнеше апта бұрын ғана Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аппараттық жиында қызылша ауруынан екпе ғана құтқаратынын баса айтып, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова бастаған жауаптыларға бірқатар тапсырма берген болатын.

"Қызылша ауруының алдын алуда Қазақстан бойынша біз соңғы орында келе жатырмыз. Қосымша жаппай иммундау ісін жүргізуде жекеменшік емханалардың жұмысын жандандыру қажет. Індеттің таралуына тек екпе ғана тосқауыл бола алатыны жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет", - деді сонда Ербол Шырақпайұлы. 

Алайда жауаптылар облыс әкімінің сынынан сабақ алмай, тапсырмасына атүсті қараған тәрізді. Олай дейтініміз, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының 17 қаңтардағы мәліметі бойынша соңғы екі аптаны салыстырғанда аурушандық көрсеткіші жалпы облыс бойынша 27,9 пайызға өсіпті. Тараз қаласында 12 пайызға өскен. 

"2023 жыл мен 2024 жылғы 17 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста қызылша бойынша күдікті 5 837 жағдай тіркелді. Оның ішінде 3 930 жағдайда диагнозы расталды (67,3 пайыз), 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 323,1. Өлім жағдайы тіркелген жоқ.

2024 жылдың 17 қаңтар айына 239 науқас стационарлық ем қабылдауда, оның ішінде 1 жүкті әйел (0,4 пайыз), 182 бала (76,1 пайыз). Балалардың ішінен 2 ауыр жағдай пневмониямен асқынуы тіркелді. Амбулаториялық емді 101 науқас қабылдауда.

Қызылшаның тіркелуі облыстың барлық аумағында байқалады. 1 өңірде сырқаттанушылықтың деңгейі өте жоғары "қызыл аумақ". Тараз қаласы – 2 359 жағдай (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 529,0). 

Жас құрамы бойынша қызылша індетінің 80,9 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Яғни, көбінесе қызылшамен ауыратындар 0-5 жасқа дейінгі балалар" - делінген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдемесінде. 

Айта кетейік, қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 86,2 пайызы екпе алмағандар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу