Жамбыл облысында 26 дәрігер жетіспейді

488

Биыл өңірге мемлекеттік медициналық ұйымдарда 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесі жүктелген 19 дәрігер келді. 

Жамбыл облысында 26 дәрігер жетіспейді Фото: Inbusiness.kz

Былтыр осындай талаппен 16 дәрігер жұмысқа келген болатын.

Олар өңірде кадрға деген тапшылық мәселесін шешу үшін  облыс әкімдігі арнайы бөлген грант бойынша білім алған түлектер. 5 жылдық еңбек міндеттемесі осыған байланысты жүктеліп отыр.

Қазір С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 42 студент білім алуда.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде республикалық бюджет есебінен өңірге 91 маман дайындалуда.

Былтыр Жамбыл облысында жоғары білімі бар маманға деген қажеттілік 106-ны құраған.

Бір жылда дәрігерге деген 80 сұраныс қамтамасыз етілген.

Жалпы бүгінге дейін өңірге 101 орта және жоғары медициналық білімі бар жас маман жұмысқа келген. Оның 35-і жергілікті гранттың иегері атанған маман болса, 45-і "Дипломмен ауылға" бағдарламасы шеңберінде еңбек жолын елді мекеннен бастаған түлектер.

Жамбылға келген 101 маманның 33-і Тараз қаласында еңбек етуде. Ал 68-іне аудандарға жолдама берілді.

Бүгінге дейін ауылда еңбек етуге аттанған 134 жас маманға жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлеміндегі көтермеақы берілген.

Тағы 9-ы республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін пайызы төмен бюджеттік кредит алыпты.

Ал 38 дипломды маман республикалық бюджет есебінен берілетін 100 айлық есептік көрсеткішке тең көтерме жәрдемақы алған.

Аудандық әкімдіктер 6 жас маманға қызметтік пәтер берген. Қызметтік баспана қарастырылмаған аудандар  2 дәрігерге жалдамалы пәтердің бір жылдық қаражатын төлеп беріпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу