Өткен жылы Жамбыл облысында 53,7 миллион теңгеге 9 суқоймасы жөнделген. Биыл да 9 суқоймасын жөндеу жоспарланып, бүгінде 7 суқоймада жұмыстар 100 пайыз аяқталыпты. Бөлінген 39,7 миллион теңгенің 34,2 миллион теңгесі игерілген. Дегенмен, әлі де өңірдегі 5 суқоймасы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, басқармаға қарасты "Жамбыл су қоймалары" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде жалпы сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 суқойма мен бөгет бар. Осы жылдың вегетациялық кезеңінде аталған суқоймаларға 91,2 миллион текше метр су жиналған. Осы көлемдегі су өңірдегі бекітілген он мың гектар егін алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген және шаруалар тарапынан ағын су жетіспеушілігі жөнінде шағым түспеген.
"Жалпы басқарманың теңгеріміндегі 113 суқойманың соңғы үш жылда 24-іне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған шамаман 160 миллион теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жүргізердің алдында барлық суқоймаларға зерделеу жүргізіледі. Шұғыл жөндеуді қажет ететін нысандарға уақытында тиісті қаржы бөлініп келеді. Қазіргі таңда 5 суқойма күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Бүгінде ол бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал жалпы алдағы жылы біз 8 суқоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Олжас Елебекұлы.
Басқарма басшысы облыс аумағында орналасқан қайта жаңғыртуды қажет ететін 203 су жүйесін бекітілген кешенді жоспар аясында қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын айтады.
Кешенді жоспардағы 203 каналдың 99-ы "Қазсушардың" меншігінде, 104-і коммуналдық меншікте екен. Бүгінде "Қазсушар" кәсіпорнының меншігіндегі 99 каналдың 8-інің сметалық құжаттары әзірленуде. 91-інің сметалық құжаттары әзірленген. Оның 77-сі Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруда қолдау тапқан. Қалған 14-ін "Қазсушар" кәсіпорны республикалық бюджеттен немесе тарифтер есебінен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
"Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруда қолдау тапқан 77 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасы аудан әкімдіктері тарапынан әзірленіп, "Қазсушарға" өткізілді. Коммуналдық меншіктегі 104 каналдың үшеуіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 64-іне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет. 37-сіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген 37 каналдың 1-еуі республикалық бюджет есебінен жөндеуден өтуде. Ал, 36-сы Ислам даму банкі арқылы қаржыландырылатын жобалардың екінші кезеңіне ұсынылатын болады", – дейді О.Баққараев.