Жамбыл облысында 5 жылда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 фактісі анықталды

535

Құмар ойындарды ұйымдастыруда Шу мен Қордай аудандары көш бастап тұр. 

Жамбыл облысында 5 жылда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 фактісі анықталды Фото: profi-detox.com

Қазіргі қоғамда құмар ойындардың құрығына ілініп, құрдымға кетіп жатқандар аз емес. Статистикаға сүйенсек, жылына кем дегенде 350 мың адам бәс тігіп, лудоманияның зардабын тартады екен.

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Асқар Ажихановтың айтуынша, алдын алу шаралары күшейгенімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар әлі де азаймай тұрған көрінеді.

"Департамент мамандары жыл сайын заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін облыстың барлық аумағында анықтап, жолын кеседі. Мысалы, 2024 жылдың қаңтарында Тараз қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісін анықтады. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Ал өткен 5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 фактісін анықтады. Осы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Жалпы Жамбыл облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілерінің ең көп саны анықталды – 17 факт, Шу ауданы 9 фактімен және Қордай ауданы 6 фактімен көш бастап тұр.

Департамент сонымен қатар лудоманияның алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Алайда бір құқық қорғау органының күшімен бұл жағымсыз құбылысты жоюға болмайтыны анық. Сондықтан қоғам болып күресу керек", деген Асқар Қадырханұлы 2022-2023 жылдары департамент заңсыз ойын қызметі мен қаржы пирамидаларының белгілері бар 2 мыңнан астам сайтты анықтап, бұғаттағанын жеткізді. 

Сондай-ақ департамант маманы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу