Жамбыл облысында 54 елдімекеннің тұрғындары ауыз суға зәру

963

Құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты өткен жылы 15 нысан пайдалануға берілмеген. 

Жамбыл облысында 54 елдімекеннің тұрғындары ауыз суға зәру Фото: Дзен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Жолдау жүктеген міндеттердің Жамбыл облысында жүзеге асырылу барысын зерделеп көргенімізде бірқатар олқылықтың орын алғанына көз жеткіздік.

2023 жылы Жамбыл облысының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталып, жыл қорытындысымен 34 нысан пайдалануға беріліпті. Қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Негізі қаржыландыру жоспарына сәйкес 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болып көзделген. Алайда, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмай қалған. Атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша 12 нысанда өндірістік кестеден кешігу орын алған. Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша 3 нысанда мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұзақ мерзімге созылған.

Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Мәулен Қожақовтың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысымен қала тұрғындарының 97,5 пайызы (513,451 мың адам), ауыл тұрғындарының 94,9 пайызы (655,7 мың адам) ауызсумен қамтылған.

"Облыста ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен (35,4 мың адам) және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалып отыр (13,5 мың адам).

2024 жылы облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,7 миллиард теңге қаралды. Оған 26 елді мекен мен қалалардағы 5 тұрғын алқапты ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.

Сонымен қатар, 2024 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылды. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында ауызсумен қамту құрылысы қажет ететін (қалып отырған) 2 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға тапсырылды.

Сараптаманың қорытындысы биылғы жылдың наурыз айына дейін алынған жағдайда, салалық министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылатын болады", - дейді Мәулен Рахматалинұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу