Жамбыл облысының Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратында жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ақпаратты облыстық Полиция департаменті растады.
Ведомство мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тексеріс тағайындалған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, аталған жағдай қызметтік міндеттерді орындауға байланысты емес", – деп хабарлады Полиция департаменті.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе оған жәрдемдесу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға полиция бөлімінің ғимаратында болған. Зардап шеккен қызметкер жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, көз жұмған.
Ресми органдар әзірге оқиғаға қатысты өзге ақпарат жариялаған жоқ.