Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасы биыл да жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Өткен жылы жоба аясында 5 миллиард теңге қарастырылып, нәтижесінде 800-ге жуық кәсіпкерлік жоба қаржыландырылған болатын. Биыл бөлінген қаржы көлемінің артуы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға жаңа серпін береді деп күтілуде.
Бағдарлама ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашып, оны кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба шарттарына сәйкес, қатысушылар жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл қаражат тігін цехтарын, жылыжай кешендерін ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін іске қосуға және басқа да кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Жобаның тиімділігін Байзақ ауданындағы табысты кәсіпкерлердің тәжірибесінен көруге болады. Бурыл ауылының тұрғыны Балжан Сәрсенбекқызы "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, шағын тігін цехын ашқан. Кәсіпкер несие қаражатына көрпе сыруға арналған заманауи автоматтандырылған құрылғы сатып алып, бүгінде қыз жасауы, құрақ көрпе және ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар дайындап келеді.
Кәсіпкердің өнімдері тек аудан көлемінде ғана емес, еліміздің әр өңірінде де сұранысқа ие. Сонымен қатар, цех бірнеше ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Балжан Сәрсенбекқызының айтуынша, тапсырыстардың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы қабылданады. Ай сайын цехта орта есеппен 5–6 қыз жасауы әзірленіп, 20–30 көрпеге жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Мамандардың айтуынша, ауыл тұрғындары ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін кооперативтерге біріге алады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы кооперативтері 34,6 миллион теңгеге дейін, ал кооператив мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар 10,8 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие рәсімдей алады.
"Ауыл аманаты" жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдағы табыс көзін арттыруға және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етуде.