Жамбыл облысында ауыл жұрты "көшпенділерше" күй кешіп жүр

371

Ауылда бар да атауы жоқ көше.

Жамбыл облысында ауыл жұрты "көшпенділерше" күй кешіп жүр Фото: Inbusiness.kz

Өйткені салған үйлерінің не құжаты, не мекенжайы жоқ. Бұқара бұған "еш қамсыз үй соғыңдар"  деген әкім пәрмені себеп болған деп отыр. Салдарынан жұрт қазір қажет қолдау мен инфрақұрылымнан қағылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал 3 күнде әзір болуы тиіс бір жапырақ құжатпен әкімдік неліктен 10 жыл бойы жұртты зар қақсатып келеді?

Кезінде ауыл шетінен үй салған жұрт "рұқсатты әкім ауызша берген еді" дейді. Бірақ қазір ауыз күйіп, бұқара бармақ тістеп отыр. Өйткені 10 жылдан бері соққан үйге мекенжай алып, құжатын ала алмай әлек. 

"3 күннен кейін жасалады деді. 2 жылдан кейін жасалады деді. Жүрдік! Міне 13 жыл жүрдік қой. Ертең, ертең... Барсақ, еш жерде тіркемейді бізді. Заңды түрде жоқпыз мысалы. Бірдеңе істейін десек, тамымыз құжатта жоқ!", - дейді Тасшолақ ауылының тұрғыны Серік Пірімбердиев.

Жұрт көшені өздігінше "жастар" деп атап кеткен. Алғашқы тұрғын да 13 жыл бұрын келіпті. Қызығы, ауадағы үй иелері жаппай өзге мекенжайда тіркеліп алған. Өйткені еш жерде тіркелмеген баспана әлеуметтік көмек алуға қолбайлау. Жұмбақ көшеге жеткізу қызметі де келмейді. Төлем түбіртегі де шатасып, өзге үйден табылады. Құжат болмаған соң, тиісінше инфрақұрылым атымен жоқ.

"Қазір газ кіргізу елдімекеннің ішінде 360 мың теңге болса, бұл тұрғындар 600 мыңға жуық ақша жұмсап жатыр. Себебі құжаттарың жоқ деген әңгімелер болып жатыр. Газды кіргізген азаматтар бар. Бірақ мына трассаның бәрін өз қалталарынан кіргізіп жатыр", - дейді Тасшолақ ауылының тұрғыны Қасым Ермекбаев.

Жыларман жұрт үрейі – жалғыз, талабы- біреу. Тапқан-таянғанына тұрғызылған үйлер сүріле ме деп алаң да алаң. Сосын бар құжатты түгенделсе дейді.

"Мен де үйді заңды қылып алғым келеді! Қанша рет бардым алдына, "сосын қарындасым, сосын қарындасым" деп арқамнан қағып қояды. Міне 8-9 жыл болды тұрып жатқаныма!", - дейді Тасшолақ ауылының тұрғыны Гүлзада Құлманова.

Дау шыққан жерге көп ұзамай әкім де келді. Басшы бұл 2.5 га жер кезінде "Қанай би" серіктестігінің құрамында болған дейді. Серіктестік тарап, 3-4 кісінің қолына өтеді. Бірақ жайылым жердің құжаты солай әзірленбей қалып кеткен. Ал еш жерде тіркеуі жоқ аумаққа үй соғуға рұқсат бергенін әкім амалсыз мойындады. Керісінше көпшілікке жақсылық жасадым деп отыр.   

"Құжатына келгенде заңсыз. Бірақ осы жерде ауылдың жастары үй соғамын деген, бөлек отау құрғысы келген жастар. Мен айтқанмын, мұны заңдастырып біткен жоқпыз. Сол кезде олар айтты. Біз бастап соға берейік. Кейін құжат болғанда, заңдастырып аламыз деп өздері өтініш білдірген", - дейді Тасшолақ ауылының әкімі Ораз Танкеев.

Қызығы, 10 жыл бұрын жер берген әкімдік көшені ауылдың бас жоспарына енгізуді былтыр ғана қолға алған. Енді қаржы қаралып, мәслихат мақұлдауын тосып отыр екен. Жоспарға сай құжат түгендеу жыл соңына дейін аяқталады дейді. Бірақ жылдап тосқан жұрт әкімнің бұл уәдесіне де сенбейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу