Жамбыл облысының Қордай ауданында 14 жасар жасөспірім қыз зорланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға осыдан 15 күн бұрын орын алса да, жәбірленушіге күні бүгінге дейін ешқандай психологиялық көмек көрсетілмеген. 26 маусымда болған оқиғаның генетикалық зерттеу нәтижесі дайын болмай, іс қозғаусыз тұр. Өз кінәларын мойындап, болған іске куәлік еткен күдіктілер болса да, олар қамауға алынбаған. Құзырлы органдар да әлі тиісті назар аудармай келеді.
Журналистер мен құзырлы органдардан көмек сұраған жәбірленуші тараптың сөзіне сүйенсек, күдіктілер қызды "Анаң ұйықтап қалған кезде сыртқа шық, қыдырып келеміз, тағы екі қыз шығады" деп алдап, тысқа шығарған. Сөйтіп, көлік жүргізген және сөйлескен жігіттен басқа тағы бір жігіт бар, бәрі аудан орталығы Қордайға барған. Жарты сағаттан аса белгісіз қыздарды күткен олар дүкенге кірген. Сол жерден жігіттердің бірі Кола сусынын алып, көлікке келіп қызға құйып берген. Сусынның екі стаканын ішкен соң қыз есін жоғалтқан. Сол кезде жігіттер жаман ойын жүзеге асырған.
Қордай аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура өкілдері жәбірленушіден алынған талдаманың нәтижесі дайын болмай, күдіктілер қамаққа алынбайтынын айтады.
"Қызды ес-түссіз күйде белгісіз уақытта үйіміздің ауласына әкеліп тастаған. Мен таңертең қоқыс тастауға шыққан сәтте қызымның ес-түссіз жатқанын, киімдерінің бәрі бүлінгенін көрдім.
Тергеу барысында "Қызыңыз сізден ұялып тұр" деп мені тысқа шығарып жіберіп, қызыма қысым жасалды. Оқиға орын алғаннан бері ешбір психолог немесе басқа да мамандар көмектеспеді. Мектеп әкімшілігінен де қайырылған ешбір адам болмады. Мен бұл іс осылай жылы жабылып қала ма деп қорқамын. Сол себепті Президентке, Бас Прокуратура мен сотқа үндеу жасадым. Қызымның өмірін тас-талқан еткендер тиісті жазасын алулары керек", – дейді қыздың анасы.
Қазіргі таңда бұл іс әлеуметтік желіде де кеңінен талқыланып, Мәжіліс депутаттарының да назарын аударды.
"Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің оқушысына қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша құзырлы органдар тарапынан сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексінің 201-бабына сәйкес жәбірленуші кәмелет жасқа толмағанға қатысты деректер жария етілмейді", – делінген Қордай аудандық білім бөлімі таратқан ресми ақпаратта.
Ал аудан әкімінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта жасөспіріммен аудандық аурухананың психологтары жұмыс істеп жатқанын, күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.