Ауа райының нашарлауына байланысты Жамбыл облысында бірқатар жол учаскесі жабылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізінің 532-ден 435-ге дейінгі бөлігінде, Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі учаскесінде, облыстық маңызы бар Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент жолдарында қозғалыс тоқтатылды.
Қазір Айша бибі ауылының маңында қарлы боран, екпінді жел салдарынан 20 жүк көлігі және 50 жеңіл автокөлік, Ақыртөбе ауылында 10 жүк көлігі, 532 шақырымда 100-ге жуық жүк және 70 жеңіл көлік жиналды.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек беріліп жатыр. Автожолдардың жабық учаскелерінде жергілікті атқарушы органдардың, Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Барлық аудандардың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері де ауа райы құбылмалы болады.
"Тұрғындарды алыс сапарға шықпауға, ауа райы және жолдардағы жағдай туралы хабарламаларға мұқият болуға шақырамыз", - делінген хабарламада.