Жамбыл облысында өткен жылға жоспарланған 47 нысанның құрылысы аяқталмаған

846

Жалпы облыс бойынша 887 нысанның құрылысы жүргізілген.  

Жамбыл облысында өткен жылға жоспарланған 47 нысанның құрылысы аяқталмаған Фото: realt.onliner.by

Жамбыл облысында өткен жылы облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы 77,1 миллиард теңгеге 290 жобаның құрылысы жүргізілген, деп жазады inbusiness.kz.

Жыл қорытындысымен 158 нысанды ел игілігіне беру жоспарланған. Алайда 111 нысанның ғана құрылысы аяқталып, 47 нысанда тиісті жұмыстар мерзімінде бітпеген.

Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбайдың айтуынша, 2023 жылы құрылыс басқармасы арқылы білім беру саласында 21 нысанның құрылысына 12,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Жыл қорытындысымен 8 нысанның құрылысы аяқталып, құрылысын аяқтау жоспарланған 3 мектепте жұмыстар бітпеген. 10 нысан құрылысы жоспарға сәйкес 2024 жылға өтпелі болған. Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 26 нысанның құрылысы жүргізілген. Жыл қорытындысымен 17 нысанның құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланған. 2 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Спорт саласында да 6 нысанның құрылысы мерзімінен кешіккен.

Жалпы спорт саласында облыс бойынша 2,2 миллиард теңге бөлініп, 22 нысанның құрылысы жүргізілген. Мәдениет саласында да мәселе аз емес. Салада жоспарланған 3 нысанда жұмыстар бітпеген. Сол секілді ауылшаруашылығы саласында 2 нысанның, құқық қорғау және төтенше жағдай саласында да 2 нысанның құрылысы мерзімі аяқталмаған. Тұрғын үй құрылысы саласында да кемшіліктер жоқ емес.

Әлібек Аманбайұлы келтірген деректерге сүйенсек, өткен жылы Тараз қаласында 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 43 үйді тапсыру жоспарланыпты. Алайда жоспар орындалмаған. 1100 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1346 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай қалған.

Ал Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың сөзіне сүйенсек, 2023 жылы облыс аумағында 887 нысанның құрылысы жүргізіліпті. Оның 387-і мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 500-і жеке қаражат есебінен. Өткен жылы басқарма тарапынан құрылыс нысандарына тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталыпты.

"2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 86 нұсқама берілді, 249 тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер мекеме, 4 жобалаушы, 26 техникалық қадағалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл соммасы 70 852 180 теңгені құрады.

Сол сияқты басқарма тарапынан жыл басынан жалпы 17 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынумен қатар тиісінше қадағалаушының сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер мекеме сапаға байланысты кемшіліктері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, құрылыс нысанының жобалау жұмысын сапасыз жүргізген 3 жобалаушы мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы мекемелер жауапкершілікке тартылған уақыттан бастап 1 жыл ішінде құрылыс немесе жобалау жұмыстарын сапасыз орындауын қайталаған жағдайда лицензиясынан айырылу қауіпі бар. Оның салдарынан өз кезегіңде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспардан тыс тоқтап, нысандар пайдалануға мерзімінде қабылданбай, қаржы игерілмей қалуы мүмкін" - дейді Қайрат Бисембаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу