Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында жарықтың жиі сөнуі кейінге жылдары қалыпты жағдайға айналды. "Тауда арқардың мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды" демекші, қала тұрғындары электр жарығына жарымай отырғанда шалғайдағы елді мекендердегі ахуал айтпаса да түсінікті. Себебі өңірдегі электр желілерінің 79 пайызы ескірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исаковтың айтуынша, тұрғындарды толғандырған мәселені шешу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Атап өтсек, "Жамбыл электр жүйесі" ЖШС тарапынан инвестициялық бағдарлама есебінен жыл сайын электр желілерін қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы 2,070 миллиард теңге қаралып, 154 шақырым электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен электр желілерінің тозу деңгейі 78 пайызға төмендейтін болады.
"Жалпы "Жамбыл электр жүйесі" ЖШС құрамында 11 аудандық электр желілері мен 8 орталық өндірістік қызметтері жұмыс атқаруда. Электр энергиясының өшуінің негізгі себептерінің бірі – ауа райының қолайсыздығы. Яғни, қатты желдің салдарынан болуда. Соңғы жылдары облыс бойынша қатты жел жиіленіп, екпіні күшейіп келеді. Ең аз желдің күші кемінде секундына 20-25 метрді құрап отыр. Осының салдарынан электр желілерінің үзілуі орын алуда. Сондай-ақ, электр жүйелерінің тозуына байланысты жоспарлы электр желілері мен трансформаторлық станцияларды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде қолдан өшірулер орын алып отырады. Жөндеу жұмыстары кезінде электр желілерінде болатын өшірулер бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарламалар жарияланып келеді.
Жалпы Жарықтың жиі сөніп қалуы Шу ауданында жиі орын алатыны көпке мәлім. Шуда әкімдік тарапынан соғылған "Батыс" қосалқы станциясы бар. Қазіргі уақытта оның қызмет көрсету мәселесі бәсекелестік орта қалыптасқандықтан конкурста ұтып алған мердігерлерге байланысты болып отыр. Оларда құрал-жабдықтардың тапшылығына байланысты қандай да бір ақаулар орын алған жағдайда шұғыл түрде қалпына келтіру мүмкін болмай тұр", – дейді басқарма басшысы.