Жамбыл облысында ірі жол апаты болып, бірден 26 көлік соқтығысты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа райында жолға шықпау туралы бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды жалғастыруда: жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайды, жазғы шиналармен жүреді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.
"2024 жылы 31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында Батыс Еуропа "Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды" - делінген хабарламада.
Жол апаты салдарынан қаза тапқандар жоқ.
"Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді", - делінген хабарламада.
Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда, оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр.