Жамбыл облысында қаржы пирамидасынан 200-ден аса азамат зардап шеккен

1471

Алаяқтар 45 миллион теңге көлемінде залал келтірген.  

Жамбыл облысында қаржы пирамидасынан 200-ден аса азамат зардап шеккен

Өткен жылы Жамбыл облысында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. Қаржы пирамидаларының қитұрқы әрекеттерінің салдарынан 200-ден аса азамат зардап шеккен. Тергеп-тексеру барысында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен қабылданған шаралар нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтеліпті.

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Шерхан Пірімқұл азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын айтады.

"Азаматтарымыздың қаражатын тартып алу үшін алдап-соғып жатқан қаржылық пирамидалармен күресу қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Жыл сайын Қазақстан Республикасында әлеуметтік желілер арқылы, оның ішінде интернет-ресурстардағы жарнама, "YouTube" арналары және мессенджерлер арқылы жүздеген адам осы заңсыз әрекетке ұрынады.

Сондықтан да департамент профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. 2023 жылы қаржылық пирамида белгілері бар сайттарды бұғаттау үшін 1013 сілтеме бұғатталған. Сонымен қатар, қазіргі таңда құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөлінуде. Департамент тарапынан халық көп жиналатын жерлерде және интернет желісінде қаржы пирамидалардың алдын алу бойынша бейнероликтер орналастыруда. Одан басқа жергілікті және республикалық телеарналарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы жоғары оқу орындары мен оқу орындарында қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылды.

Осы орайда қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз. Сондай-ақ қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-1 бабы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады", - деп Шерхан Батыржанұлы азаматтарды қырағы болуға және өз қаражаттарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу