Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектар алқапта егіліп, 2021 жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов айтты, деп жазды inbusiness.kz.
"Өңірде ауа райының қолайлы болуына орай көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Жоспарлы жыртылуы тиіс 106,4 мың гектар жердің 54,5 мың гектар алқапта айдау жұмыстары басталды. 181,8 мың гектар алқапта дайындық жұмыстары жүргізілуде", – деді спикер.
Сондай-ақ 115 мың гектар алқаптағы жаздық мақсаттағы дақылдардың 24,2 мың гектар көп жылдық шөппен және 11,9 мың гектар көкөніс дақылдарымен, 3,9 мың гектар алқапта майлы дақылдар және 1,8 мың гектар картоп, 208 гектар қант қызылшасы себілді.
"Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 77,4 мың тонна тұқым көлемі толығымен дайындалып, себу жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, барлығы 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Көктемгі дала жұмыстарына жалпы 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы 100% қатысуға дайын. Көктемгі дала жұмыстарына ақпан-мамыр айларына жалпы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Облыс бойынша 14 тауар таратушы оператор анықталып, шаруашылықтарға арзандатылған түрде тауар тарату бағасы 194-208 теңге аралығында бекітілді. Сондай-ақ, облыс бойынша 2022 жылы жалпы 51,2 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарланған, бүгінгі күні 6,4 мың тоннаға келісімшарт жасалып, оның 5,3 мың тоннасы шаруашылықтарға жөнелтілді", – деді спикер.