Жамбыл облысында қорада 200 шошқа баққан кәсіпкерге шектеу қоя алмай отыр

822

Қорада ұстайтын қой мен сиыр санына шектеу бар да, шошқаға талап жоқ. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы жеке кәсіпкердің қорасында бағып отырған шошқаның саны 9 жылда 200-ге жуықтаған. 

Жамбыл облысында қорада 200 шошқа баққан кәсіпкерге шектеу қоя алмай отыр Фото: inbusiness.kz

Ал ауыл әкімдігіндегі шаруашылық кітапшасына өсіріп отырғанын 50 шошқа деп тіркеткен. Қарабастау ауылының тұрғындары осыған наразы. Қора-қопсысы үй іргесінде болғандықтан, иісі бүкіл көшеге жайылады дейді көршілері.

Бұған Татьяна Потапенконың да қайтарар жауабы дайын. Ол көршілерінің де үйір-үйір жылқы, қора-қора қой ұстап отырғанын алға тартады.

Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Талап бойынша елді мекенде қорада ұстайтын қой, сиыр мен жылқы санына қойылған шектеу бар. Ал шошқа ескерусіз қалып кеткен.

"Жеке кәсіпкердің жұмысына шектеу қоя алмаймыз. Екі жүз емес, бес жүз шошқа ұстаса да, өз еркі. Алайда айналасындағы тұрғындардың да талап-тілектерін тыңдауы керек қой. Шошқаны ауыл сыртындағы бос тұрған фермалардың бірінде ұстасын. Баз сатамын деп жүрген азаматтар да бар. Ауылдың ішінде екі жүз шошқаны бір аулада ұстау деген, ақылға сыйымсыз. Сасық иістен көршілері зәрезап болды", – дейді Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов.

 Бұл негізі қарабастаулықтардың көне дауы екен. Ауыл тұрғындары 2014 жылы әкімдікке ауызша шағым түсірген. Көршілердің айтуынша, кәсіпкер сол жолы "Шошқаның қоңсы иісінің адамға зияны жоқ" деген анықтама әкеліп құтылыпты.

Даудың тоғыз жылдан кейін қайта қоздағаны – шошқаның саны жыл санап өсіп, бара жатқаны. 200-ге жуық жалпақтанаудың иісі бір көшені тұтас алады.

Ауыл тұрғындарының шағымы аудан әкімдігіне де жеткен. Әкімдіктегілер елді мекеннің ішінде осынша бас шошқаны ұстап отыру заңды ма заңсыз ба, анықталып, зерттеліп қорытынды шығарылатынын айтты.

"Қажет болса, кәсіпкерге ауыл сыртынан қора- жай салатын жер бөлуге көмек беруге де дайынбыз", – дейді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу