Жамбыл облысында мәдениет үйін жөндеуден өткіземіз деп жауып қойған

480

Жөндеуден өткіземіз деп жауып қойған Жамбыл облысы Жуалы ауданы Теріс ауылындағы Мәдениет үйінің жай-күйі мүшкіл халде. 

Жамбыл облысында мәдениет үйін жөндеуден өткіземіз деп жауып қойған Фото: inbusiness.kz

Негізі мәдениет үйі 2005 жылға дейін жұмыс істеп тұрған. Кейін жөндеуден өткіземіз деп жауып қойған. Содан бері есігіндегі қара құлпы алынбапты.

Ауыл тұрғындары "мәдениет үйі қашан жөнделеді?" деп күтіп жүргенде, кәсіпкерлер оны бұзып, орнына ойын алаңын салуға тырысқан көрінеді.

 "Бұл мәдениет үйінің іргетасы да, қабырғасы да тастан қаланған. Кезінде осы ғимаратты жөндеуден өткізу туралы мәселені Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрмағанбет Мықтыбеков көп көтеріп еді. Ол кісі қайтқалы қайта басылып қалды. Күрделі жөндеу жүргізілсе, бұл ғимарат әлі 100 жыл тұрады", - дейді ауыл тұрғыны Қалан Мәмбеталиев.

Теріс – 150-ден астам тұрғын үйі бар ауыл. Мәдениет үйі бұзылса, орнына жаңасының салынуы екіталай. Тұрғындар ғимаратты бұзуға қарсы.

Ғимараттың қабырғасына қаланған тасына қызыққандар да көп. Олар оны бұзып, тасын тасып əкету үшін небір әрекет жасап бағуда.

Кәсіпкерлерді қатты қызықтырып тұрған ғимаратты қорғап, сақтап келген халық енді мәдениет үйінсіз қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Тұрғындардың алаңдауы негізсіз емес. Аудан әкімдігі 2 жыл бұрын ол ғимаратты жарамсыз деп таныту үшін облыстан арнайы мамандар шақырған екен. Құжатты басқаша толтырғанымен, мамандар бұл әлі талай жылға шыдайды деген пікір айтқан дейді ауыл азаматтары.

Айта кету керек, мәдениет үйі 1973 жылы пайдалануға берілген. Іргетасынан бастап таспен өрілген ғимаратты Кавказдан келген құрылысшылар екі жылда тұрғызған екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу