Жамбыл облысында мал қырылуының себебі анықталуда

838

Жамбыл облысында мал қырылуының себебі анықталуда

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Көделіде бір аптадан бері жайлаудың шетіне тұяғы тиген мал сеспей қатып, қырылып жатыр, деп хабарлайды zhasalash.kz.

Мамыр-маусым айлары аралығында Көделіде үйірлі шегіртке қаптап, егістікке қауіп төндірген еді. Сол сәттері ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы дер кезінде зиянкестерден арылту жұмыстары қолға алынғанын, шаруаларға алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін ресми басылымдарда жарияланды.

"Мал бағып келе жатқаныма қырық жылдан асты. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Көделіде шегірткеге қарсы дәрі-дәрмек сеуіп жүргендерді көргенбіз. Бізге олар малға зиян екенін айтқан жоқ. Егер ескерткен болса, ол жерге мал шығармас едік қой. Айналасы он шақты күннің ішінде 7 бие, 1 байтал, 1 құлын, 1 сиырымыз осы белгісіз аурудан өлді. Қарындары теңкиіп келді жайлаудан, содан кейін не шөп жемейді, не су ішпейді. Сойғанда көрдік, ішінен небір ішектер шықты шұбатылып. Ұлым қалаға сараптамаға апарса, "малдың өлген уақытынан 3 сағат асып кетіпті, жарамайды" деп қайтарыпты", -дейді Кеңес ауылының тұрғыны, "Тәти" шаруа қожалығының басшысы Жұпаркүл Әлімбетова.

"Мен сізге 100 пайыз кепілдік беремін. Бұл дәріден емес. Малдың улы химикаттардан өлмейтіні ғылыми дәлелденген. Бұрыннан мұндай препараттарды қолданып келе жатқан үкімет ақымақ емес қой. Олардың малға ешқандай зияны жоқ. Ол дәрінің себілгеніне бір жарым айдан асты. Олар еш негізсіз солай айтып отыр, себебі сауатсыздық. Неден екенін білмейді. Себептері мүлдем басқаша болуы мүмкін. Қазір өлген малдар зертханаға тексерілуге берілді. Сол жерде нақты диагноз қойылады. Бірақ мен нақты айтайын – дәрінің бұл жерде еш қатысы жоқ. Себебі дәріні сепкеннен кейін 3-4 күннен соң оның әсері кетіп қалады. Оның үстіне сепкен кезде ауыл әкімдеріне "малды мына жерлерге жолатпаңыздар" деп ескертпе береміз. Ал 3-4 күннен кейін мал еркін жайыла береді. Әйтеуір, бір жерге тиісу керек қой. Үкімет ақша төлеп береді деп ойлайтын шығар. Ал малдың өлуі бір ветеринарлық себептен, мысалы, мал вирусынан болуы мүмкін. Жуырда сараптама қорытындысы шығады, егер бір инфекция болса, үкіметтің тарапынан шығын өтеледі", - дейді бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу